Санкция салдары дәрі-дәрмек тапшылығын тудыра ма?

Ресейге қарсы санкциялар дәрі-дәрмек тапшылығын тудыруы мүмкін бе? Соңғы уақытта қарағандылықтарды осы сұрақ алаңдатады. Бұған дейін жергілікті тұрғындар кей препараттың дәріханаларда жоқ екенін айтып шағымданған. Шын мәнінде, жекеменшік дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры аз. Алайда мамандар кез келген препараттың аналогті түрін табуға болатынын алға тартады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, дәрі-дәрмектер елімізге Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Үндістан, Еуропа елдері мен АҚШ-тан жеткізіледі. Қазақстандық фармацевтикалық зауыттар жалпы дәрі-дәрмек қорының тек 13 %-ын өндіреді. Тағы 40%-ы ТМД елдерінен әкелінеді. Препараттардың басым бөлігі Қазақстанға Ресей арқылы жеткізіледі. Десе де, бұдан былай логистика жүйесі өзгеруі мүмкін — шетелдік дәрі-дәрмектерді Грузия, Түркия және Әзірбайжан арқылы жеткізудің жолдары қарастырылып жатыр. Сол себепті фармацевтикалық қоймалардың иелері дәрі-дәрмек тапшылығы болмайтынына сендіріп отыр. Бірақ дәрі бағасы валюта бағамы мен логистика, жеткізілу шығындарының артуына байланысты өсуі мүмкін. Алайда еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі дәрідәрмектердің барлық түріне шекті баға белгілеген.

— Қазір дәрі-дәрмектердің бағасында еш өзгеріс жоқ. Себебі әрдайым қоймаларда үш-төрт айлық дәрі қоры болады, — деді Қарағандыдағы дәріхана желілерінің бірінің иесі. — Көтерме сатушылар дәрі-дәрмектерді белгілі бір бағамен жеткізеді. Ал біз Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен үстеме бағаны ғана қосып сатамыз. Ешкім белгіленген шекті бағадан асып кете алмайды. Бұл заң жүзінде қарастырылған. Сондықтан бағаның негізсіз өсуі мүмкін емес. Бірақ әлемде болып жатқан өзгерістерге байланысты бұл тұрақтылық сақталып қалатынына күмәнім бар. Өйткені біздегі қор үш ай ішінде таусылуы мүмкін. Ал америкалық және еуропалық препараттар дол лар мен еуроға алынады. Тиісінше валюта бағамының өсуіне байланысты дәрі-дәрмектерді жаңа бағамен сатып алуға мәжбүр боламыз. Оған қоса ресейлік фармацевтикалық өнімдер де еуропалық шикізат бағасының өсуіне байланысты қымбаттауы мүмкін. Егер Денсаулық сақтау министрлігі шекті баға мөлшерін қайта қарамаса, дәріханалар мен фармацевтикалық қоймалардың иелері жаңа тауар сатып ала алмайды. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі лицензия берсе, Үндістан мен Қытайдан дәрі-дәрмек жеткізу жолдарын қарастыруға болады.

Бұл мәселе әзірге тек дәріхана желілеріндегі бөлшек саудаға қатысты. Емханалар жанындағы дәріханаларда тегін берілетін және стационарларда қолданылатын әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер мемлекеттік жоспарлаудың арқасында жеткілікті. «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы ағымдағы жылға диспансерлік есепте тұрған адамдар үшін препараттарды бұрынғы баға бойынша сатып алды. Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, емханалар мен стационарларда диабет, бронх демікпесі, артериялық гипертензия, эндокринологиялық және онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға арналған үш айлық тұрақты дәрі-дәрмек қоры бар. Ал келесі жылы бағаның өсуіне байланысты сметаларға түзетулер енгізілетін болады.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі сақтандыруға және дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, сондай-ақ оларды өндіруге арналған материалдар мен жинақтауыштарды шекарадан өткізуге уақытша тыйым салды. Алдағы алты айда фармацевтикалық субстанцияларды, протездік және ортопедиялық бұйымдарды, сурдо және тифлотехниканы және ешқандай дәрілік препаратты ел аумағынан шығаруға болмайды. Тек пациенттердің тапсырыстары бойынша жеке пайдалануға арналған медициналық бұйымдар, гуманитарлық көмек көрсетуге арналған тауарлар, ТМККК және МӘМС шеңберінде алынған дәрі-дәрмектер, транзиттік тауарларды тасымалдау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ халықаралық жарыстар мен экспедицияларға қатысушыларға, жолаушылар мен экипаж мүшелеріне дәрідәрмектерімен елден шығуға рұқсат етіледі.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»