Сандардан сомдалған сән: Қарағандыда зергерлік арқылы сөйлеген статистика
Қарағанды қаласында өнер мен деректің тоғысқан ерекше көрмесі ашылды. Облыстық бейнелеу өнері музейінде «Зергерлік код. Тағуға болатын статистика» атты халықаралық жоба көпшілік назарына ұсынылды. Көрме зергерлік әшекейлер арқылы демография, экология, денсаулық сақтау, көші-қон секілді жаһандық мәселелерді бейнелеуімен ерекшеленеді.
Ауқымды жобаға әлемнің 28 елінен 60-тан астам суретші қатысқан. Олар күнделікті өмірде назардан тыс қалып жататын «құрғақ» статистиканы өнер тілімен сөйлетіп, әшекей бұйымдарға айналдырған. Әрбір экспонаттың артында нақты сан мен жеке тағдыр, қоғамдағы түйткілді мәселе жатыр.
Мәселен, әйелдердің өкшелі аяқ киімінен жасалған «100-ден 6» атты алқа Ұлыбританиядағы компаниялардың небәрі 6 пайызын ғана әйелдер басқаратынын көрсетсе, кішкентай унитаздардан құралған әшекей әлем халқының тек 60 пайызы ғана санитарлық талапқа сай дәретханаға қол жеткізе алатынын еске салады.
Көрменің тең кураторлары – Жанна Асанова, Евгения Казакова және Катя Рабей. Ұйымдастырушылар әрбір зергерлік бұйымға түсіндірме мәтін мен визуалды ақпарат қоса ұсынып, көрерменнің тақырыпты терең түсінуіне мүмкіндік жасаған.
Облыстық бейнелеу өнері музейі басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаеваның айтуынша, жоба авторлары өнер арқылы әлемге ортақ мәселелерге назар аудартуды мақсат еткен.
– Өнер тіл таңдамайды. Суретшілер экология, демография, денсаулық секілді біз күнделікті мән бере бермейтін, алайда барлық елге ортақ проблемаларды көрсетіп отыр. Зергерлік бұйымдар арқылы сол мәселелерге апарар жол ашқылары келеді. Қазақ халқы үшін зергерлік әшекей – бойтұмар, қасиетті дүние. Осы қасиетті бұйымдар арқылы бүгінгі қоғамның өзекті тақырыптары көтеріліп отыр, – деді ол.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

