Санаға сілкініс керек

Үнді елін ағылшындардың боданынан азат еткен әйгілі саясаткер Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңнен баста» деген қанатты сөзі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы Жолдауында ел тарихында «Екінші Республика» орнап «Жаңа Қазақстан» құруды қолға алатынын жеткізген болатын. Әсілінде, елімізде жаңа бағытта дамуға қажеттінің бәрі бар. Әйтсе де, тек, бұйырықпен не басшының нұсқауымен қоғам түрленіп, өзгеріп кете салмасы анық. Бастысы азаматтардың санасына сілкініс керек. Тұрғындар өзгерісті өзінен бастаған шақта ғана шынайы «Жаңа Қазақстан» қоғамы орнамақ.

Әңгіменің әлқисасын әріден бастасақ. Біздің қоғамның санасына 70 жылға созылған кеңестік кезең берік орнап, кері әсерін тигізіп кетті. Бұл елдегі қарапайым құқық саласы мен бизнестің өркендеуіне, меншік құқына да қатысты болып отыр. Мәселен, кеңестік идеология бойынша, барлық кәсіпорын атаулы – мемлекеттің меншігі. Ол заманда жұмыссыздық деген болмайтын. Екі қолға бір күрек қашан да табылды. Былай қарасаң, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған керемет заман тәрізді. Алайда оның да кемшілігі бар. Ел арасында «үкімет өлтірмейді» деген бойкүйездік дерт пайда болып, жалқаулық жайлады. Халықтың санасында билік өздеріне қалағанын беруге міндетті деген ұғым қалыптасты. Одақ тараған тұста кеңестік жүйенің де шаңырағы ортасына түсіп, нарықтық экономикаға өттік. Нарықтың заңы бойынша, біреуден (тіпті, мемлекеттен болсын) бір нәрсе алу үшін оған әуелі ақысын төлеуің керек. Тегін дүние жоқ. Сонда қарапайым халық мемлекетке не бере алады? Көп ештеңенің қажеті жоқ. Бар болғаны табысын жасырмай, салығын уақытылы төлеп отырса болғаны. Өкінішке қарай, қоғамда жеке кәсіпкерлерге жасалған жеңілдік көп болғанымен, салықтан жалтаруға, болмашы қаражатқа бола күмәнді істерге бой алдыратындар азаймай тұр. Бұл да қоғамның өзгеруіне айтарлықтай кері әсерін тигізетіні анық.

Жемқорлық дерті де осы тәрізді. Қоғамда, әсіресе, жол полицейлерінің жемқорлығына қатысты әзіл-шыны аралас әңгіме көп. Әйтсе де оларды жемқорлыққа көп жағдайда өзіміз итермелеп жатамыз. Елестетіп көріңізші, көліктің рөлінде келе жатып, кезекті бір шенеуніктің парамен ұсталғанын радиодан естіп, соны сынап келесіз делік. Қызу әңгімеге беріліп кеткеніңіз сонша, жол ережесін қалай бұзғаныңызды аңғармай қалдыңыз. Қас қылғанда, дәл алдыңыздан жол полициясы шығып, сіздің үстіңізден хаттама толтырылатынын мәлімдеді. Не істейсіз? Кінәңізді мойындап, үнсіз келісесіз бе, әлде оңай жолын іздеп, хаттамасыз құтылып кетесіз бе? Көп адам екінші жолын таңдап жатады.

Тағы бір мысал. Балаңызды балабақшаға немесе білім деңгейі жоғары мектепке орналастырғыңыз келді делік. Онда кезекте тұрғандардың қарасы қалың. Мәселеңізді бірден шешіп, балаңызды қабылдай қоюы екіталай. Осы кезде «оңай жолын іздеп көрмеймін» деп айта аласыз ба? Бәлкім, сіз айтарсыз, бірақ, кезекте қасыңызда тұрған адамның ойы мүлде басқа болуы мүмкін.

Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Бір-екі мәрте пара алып дәндеген адам келесі жолы дәметіп отырады. Яғни, жемқорлықтың белең алып, жойылмай отыруына да қоғамның өзі ықпал етіп отырғаны емес пе бұл? Біздің қоғамда парақорлар туралы өте көп айтылады. Жұмысынан қуылып, шетінен қамалып та жатыр. Ал, пара берушілер туралы айтыла бермейді. Таяқтың екі ұшы бар. Пара алушыдан гөрі пара берушінің жазасы ауырлау болуы керек тәрізді. Бәлкім, адамдар сол кезде тартынар ма еді?

Егер, адамдар заңды сақтап, айналасынан да соны талап ететін болса, талай дүние өзгеріп сала берер еді. Әрине, бірден бола қоймас, бірақ қоғамды жайлаған дерттің жазылу уақыты жылдамдай түсері анық.

Қазақстан қоғамы Президент бастамасымен «Жаңа Қазақстан» орнатуға бағыт алды. Бұл – алаңға шығып, жалау желбіретіп, ұран салу емес. Бұл – адамның өз ұлтының тарихы мен мәдениетін білуі және өзінің рухани жан дүниесін жаңғыртуы. Әр адам өзін оң қырынан көрсетіп, ел мүддесі үшін жұмыс істей бастаған кезде ғана біз шынайы дами бастаймыз. Егер қоғамның санасы өзгермесе, оған ешбір билік өзгеріс әкеле алмайды. Бәлкім, адамдардың санасын қатал заң мен темірдей тәртіп арқылы өзгертуге болар. Десек те, оның ғұмыры ұзаққа бармайды. Оның айқын мысалын тарихтан іздеңіз, табылады…

 

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»