Самокатпен сапарды сақтандырған абзал

Күн жылығалы қаламыздың көшелерінде жалға берілетін самокаттар пайда болды. Көбіне оларды жалға алатындар қозғалыс ережелерін сақтамайды және өзерінің де, жаяу жүргіншілердің де өміріне қауіп төндіреді. Әсіресе қарағандылықтар саябақтар мен гүлзарлардағы самокаттарға шағымдануда, себебі онда кішкентай балалар мен қарт адамдар жүреді.

Орталық саябақта орталық аллея және жағалау бойындағы каскадты субұрқаққа дейінгі аймақта самокаттарға арналған қызыл жолақ бар. Мұнда көлік құралдарының жылдамдығы рұқсат етілген минимумға дейін төмендейді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерді қорғау үшін Орталық саябақтың батыс бөлігінде бірнеше жыл бұрын самокаттар мен велосипедтер үшін бөлек жолдар жасалды.

– Қарағандыда самокаттарға қатысты проблема бар және ол өткен жылы өршіп кетті, – дейді Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының басшысы Талғат Байтохин. – Былтыр апта сайын самокаттар мен велосипедшілердің адамдарға соғылуына байланысты жедел жәрдем жиі шақырылды. Бұрын біз компаниялармен келісімшарт жасасқандықтан, саябақтардағы самокаттар мен велосипедтердің санын бақылай алдық. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер JET-пен бәсекелестікке төтеп бере алмайды және келісімшарттарды ұзартпайды. Сонымен қатар қарағандылықтар самокатты жалға алып, кез келген бұзушылық үшін жауапты болатынын түсінбейді. Олар жазаланады, өйткені бұл – көлік құралын берген компания емес, самокаттағы адамның жауапкершілігі. Өздеріңіз білетіндей, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Осыны есте сақтау керек.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Жол қозғалысы туралы» жаңа Заңға қол қойды. Атап айтқанда, электрлі шағын көлік, сондай-ақ электрлі самокат пайдалану ережелері қабылданды.

Электрлі самокаттар велосипед жолымен, велосипед жолағымен, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ жиегімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарда 25 км/сағ жылдамдықпен жүреді. Электрлі самокатпен жүруге тек 18 жастан бастап рұқсат етіледі және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі қажет, сонымен қатар басына шлем киюі керек және қараңғы уақытта шағылыстыратын элементтері бар киімі немесе шағылыстыратын заты болуы тиіс. Тротуармен, жол жиегімен, жаяу жүргіншілер жолымен жүру кезінде электрлі самокаттың жылдамдығы сағатына 6 км-ден аспауы тиіс.

Саябақтар үшін тағы бір мәселе – самокатты пайдаланып болған соң тротуарларға тастап кетеді. Олар адамдарға серуендеуге ғана емес, сонымен қатар техниканы ретке келтіруге де кедергі келтіреді.

Қарағанды саябақтарының қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Саябақта полиция рейдтері басталды.

Ереже бұзғаны үшін самокат тебушілер екі баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін: ӘҚБтК-нің 593-бабы (жолаушыларды, жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады) және 620-бабы (жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін ескерту немесе 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады).

Сондай-ақ Талғат Байтохин қала тұрғындары саябақтарда ит серуендетуге тыйым салуды сұрайтынын атап өтті. Ит иелері олардың қалдықтарын тазаламайды, сондықтан аллеялар мен тротуарлар нәжіспен ластанған.

– Әрине, тыйым салуға болады. Бірақ тәртіпті ұстанатын ит серуендетушілер не істемек? Бізде жануарларды серуендетуге арналған орын аз. Саябақ қызметкерлері тазалауға тырысады, бірақ аумақ өте үлкен. Қар ерігеннен кейін, көп қоқыс пен қалдық көрініп жатыр. Әрине, біз бәрін алып тастаймыз. Бірақ адамдар өздері жауапты болуы керек. Өзімен бірге пакет алып жүрсе, итінің соңынан қалдықтарын тазаласа екен дейміз. Урналар жеткілікті. Таза саябақтар мен скверлерде серуендеу өте жақсы, бұл үшін әркім өзінен бастауы керек, – дейді Талғат Байтохин.

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»