Салауатты өмір салтын таңда!

Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы «Салауатты өмір салтын таңда» жобасы аясында синтетикалық есірткі жарнамаларын жоюға арналған рейд өткізді. Шараға қала жастары, колледж студенттері, қоғам белсенділері және теміржол полициясы бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» концепциясында атап өткендей, «Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен қауіпсіз орта құру – ел іргесін бекемдейтін негізгі бағыттардың бірі». Сол мақсатқа сай ұйымдастырылған рейд барысында көпқабатты үйлердің қасбеттері, кіреберіс қабырғалары, гараждар мен ғимараттардың тасасы тексеріліп, QR-кодтар мен крипто-мекенжай түріндегі есірткі жарнамалары анықталып, толықтай өшірілді.

Жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы Дана Жеңісова рейдтің маңыздылығына тоқталды.

– Есірткі – бәз біреудің тағдырын талқандап, отбасын ыңғайына келтіре алмайтын қауіп. Сондықтан оның алдын алу тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біздің мақсат – әр жасөспірімге, әр студентке есірткі тұйыққа тірейтінін түсіндіру, – деді ол.

Рейдтің негізгі мақсаты – қоғамдағы зиянды әрекеттерді алдын алу және жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту. Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың айтуынша, бұл шара тек жарнамаларды жоюмен шектелмей, жастарға есірткі тұтынудың зиянды екенін түсіндіруге бағытталған.

Қарағандыдағы бұл рейд жастар мен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылының нақты мысалы болып отыр. Шара барысында анықталған жарнамалар өшіріліп, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосылды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»