Сабантой – достық дәнекері

Әр ұлттың өзіне тән дәстүрі, мерекесі мен салты бар. Яғни бұны біз ұлттық мереке дейміз. Татар халқының ұлы мерекелерінің бірі – Сабантой мейрамы. Егін бітік шықсын деген тілекпен жасайтын мерекесі күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтқан емес. Биыл Қарағандыда Майқұдық мәдениет сарайында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен татар халқының «Сабантой – 2022» ұлттық мерекесі аталып өтті.

Мерекелік жиынға Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Шамиль Осин, Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Саят Шаймин, Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысы филиалы төрағасының орынбасары Вилен Молотов-Лучанский, Қарағанды қаласы мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов қатысып, ақжарма тілектерін білдірді.

– Нәпақасын еңбектен тауып отырған халық үшін бұл – ұлық мереке. Ежелден қазақ халқымен біте қайнасып, бірлігі жарасқан тағдырлас елміз. Ұстанымымыз ортақ, тілегіміз бір, түбіміз түркі ағайын халықтың берекелі бірлігі мен ынтымағы біз үшін қашан да маңызды. Бұл мейрам ерте жастан еңбекпен есейіп, бір жұмысты еңсеріп, көңілі жайланған ағайынның көл-көсір қуанышын білдіреді. Ұлтымыздың ұлық қасиетін сақтауға мүмкіндік туғызып, қамқорлық жасап отырған Қазақ еліне алғыс білдіреміз. Біз бүгінде бір атаның баласындай бір-бірімізге бауыр басып кеткенбіз, – деді Шамиль Осин.

Сабантой мейрамы – өзіміздің Наурыз мейрамына ұқсас. Мұнда жиналған жұрт ән шырқап, би де биледі. Ұлттық киімдерін киіп, көпшілік алдында таныстырды. Дастарқан жайып, ақ адал асын ұсынды.

– Татар-башқұрт халқын ұлы мейрамдарымен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның сессиясында өзгерістерді жариялады. Яғни бұл не деген сөз? Елге, Ассамблеяға үлкен үміт артып отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген нақыл сөз бар қазақта. Бірлігіміз ажырамай, тірлігіміз көркем болсын. Ел мен елді жақындастыратын – ақ адал ниеті, пейілі. Егер бірлігіміз бекем болса, молшылық та, бейбітшілік те болады, – деді Нұрлан Бикенов.

Сабантой – молшылық пен берекенің мерекесі. Бұл мерекені түркі халықтары жиі тойлайды. Алайда татар ұлты ізгі дәстүрге айналдырған. «Қаһарлы қыс қыспағынан аман шығып, көктемгі науқанды ойдағыдай аяқтадық. Енді берері мол берекелі күздің ырзық-несібесін күтеміз» деген халық осыншама қажырлы еңбектен кейін арқаларын кеңге салады. Жауапты маусымды еңсерген ел бір жадырап қалмақ. Қарағандылық тұрғын Мазгар Калирохманов аталмыш мерекенің маңыздылығына тоқталып, көпшілікке жылы лебізін білдірді.

– Құжатымда ұлтым башқұрт деп көрсетілген. Негізі, өзім татармын. Бірақ татармын деп башқұрт ағайындарды сыртқа тебетін халық емеспіз. Түбіміз, тегіміз бір. Және ортақ мерекелеріміз де бар. Сондай мерекенің бірі – Сабантой. Бұл мерекенің біз үшін орны бөлек. Ұлттық мейрамды ұлықтағанымыз жөн. Егер мұндай мейрамдарымызды атап өте алмасақ, онда қалай болады? Сондықтан осы мейрамды өткізуге мұрындық болған басқарма басшыларына алғыс айтамын, – деді ол.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»