Сақтық – қауіпсіздік кепілі: Қарағандыда өрттің алдын алу шаралары күшейтілді
Қарағанды қаласында тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау мақсатында «Сіздің үйіңіздің қауіпсіздігі» атты ауқымды акция өтіп жатыр. Бұл бастама – жылыту маусымында өрттің алдын алу, тұрмыстық қауіпсіздікті күшейту және халық арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, Қарағанды облысында жылыту маусымы 1 қазаннан басталған болатын. Соған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті 26 қазан мен 22 қараша аралығында өрт қауіпсіздігі айлығын жариялады.
Осы уақыт ішінде ТЖД қызметкерлері мен еріктілер жеке тұрғын үйлерді аралап, пеш, электр жабдықтары және тұрмыстық құралдардың жағдайын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
«Біздің мақсатымыз – өрттің салдарымен күресу емес, оның алдын алу. Әрбір азамат өз үйінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы керек», – дейді Қарағанды облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Құрмет Жұмекенов.
Науқан аясында 3 мыңнан астам үйге өртке қарсы дабыл қондырғылары орнатылды. Мұндай құрылғылар ең алдымен әлеуметтік әлсіз топтарға – көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға және зейнеткерлерге қойылды.
Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы көптеген қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Пеш пен электр құрылғыларын қараусыз қалдырмау, газ жабдықтарын тексеріп тұру және сөндіргіш құралдардың жарамдылығын қадағалау – басты талаптардың бірі.
«Жылыту маусымы – өрт қаупі жоғары кезең. Сондықтан біз күн сайын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін еске салып отырмыз», – дейді Құрмет Жұмекенов.
Жылыту маусымы әлі жалғасып жатқандықтан, төтенше жағдайлар қызметі түсіндіру жұмыстарын облыстың барлық елді мекендерінде жалғастыруды жоспарлап отыр.
Қарағандылықтар қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарап, өрттің алдын алу мәдениетін қалыптастыруда өз үлесін қосуда. Себебі сақтық – қауіпсіздіктің, ал қауіпсіздік – өмірдің кепілі.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

