Сақтану – саулық кепілі
Биыл Қарағанды облысында жедел ішек инфекцияларының 576 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқатқа шалдыққандар сайын 1,48 есе өскен. Бұл дертке көбінесе екі жасқа дейінгі балалар жиі шалдығады екен. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында да жиі кездеседі.
Жедел ішек инфекцияларының қоздырғыштары тағам түрлерінде ұзақ уақыт сақталады әрі көбейеді. Әрі бұл қоздырғыштар тағамның түрі мен дәмін өзгертпейтіндіктен, оны бірден аңғару қиын. Сондай-ақ инфекция сақтау мерзімі мен температурасы бұзылған жағдайда пасталарда, желе, қайнатылған шұжық, зельц, салат, толтырғыш тағамдар, сүт және сүт өнімдерінде тез көбейеді.
Дерттен сақтанудың басты амалы – тазалығы күмәнді жерлерден тамақ сатып алудан тыйылу. Әсіресе жағажайларда немесе көше бойларындағы шағын дүңгіршектерде сатылатын ет өнімдері қауіпті болуы мүмкін. Күн сәулесі астында 20-30 минут тұрған ет тағамдары жеуге жарамсыз болып қалуы мүмкін екенін ұдайы назарда ұстаған жөн.
Тамақтан улануды болдырмау үшін күнделікті өмірде, тамақ дайындауда және тамақтану кезінде жалпы гигиеналық шараларды қатаң сақтау керек.
Келесі ұсыныстарды есте сақтау маңызды:
* жолға немесе пикникке тез бүлінетін өнімдерді (құс етінен жасалған дайын тағамдарды, шала қайнатылған жұмыртқаны, кремді кондитерлік өнімдерді) алмаңыз;
* әсіресе тез бұзылатын өнімдерді (сүт, ет, кілегей және т.б.) сатып алғанда өнімнің таңбалануына назар аудару керек, яғни өндірілген күні мен жарамдылық мерзімі болуы тиіс. Мұндай өнімдер тоңазытқышта +2, +6°C-қа дейінгі температурада белгілі бір мерзімге ғана сақталады;
* тамақты кездейсоқ адамдардан және белгіленбеген жерлерден, оның ішінде үйде консервіленген жұмыртқа мен саңырауқұлақтарды сатып алмаңыз. Жұмыртқа, шикі ет және балық сатып алғанда және оларды қолданар алдында термиялық өңдеуге ұшырамайтын өнімдері бар бір сөмкеге салуға болмайды;
* көкөністер, жемістер мен жидектерді тұтынар алдында ағын сумен мұқият жуу керек;
* зауыттық орамаға салынған балмұздақты таңдаңыз;
* микробтар ылғал мен қажет температура кезінде тез көбейіп, токсиндер шығарады. Олар әсіресе ет, балық, шұжық, желе, сүт өнімдері және аспаздық өнімдерде (салаттар немесе салқын тағамдар) көп болуы мүмкін. Сақтау жағдайларын бұзу улану қаупін арттырады, бірақ температура режимін сақтау микробтардың көбеюіне кедергі келтіреді. Егер ет немесе сүт өнімдері тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталса, оларды термиялық өңдеуден өткізу керек. Мысалы, котлеттерді мұқият бұқтырыңыз, шұжықты қуырыңыз, ет сорпасын қайнатыңыз, сүзбеден ірімшік жасауға болады.
Мұның бәрі жедел ішек инфекциясын болдырмауға және денсаулықты сақтауға көмектеседі.
Қарағанды облысының
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті