Сақ дәуіріне тән қаңқа табылды

Қарағанды облысының Осакаров ауданында сақ дәуіріне тән адам қаңқасы табылды. Археологтер оның шамамен 17-20 жастағы қыздың сүйегі екенін айтуда. Жақсы сақталған мүрденің қасынан қола айна мен маржандары да шыққан. Қазбаның сақ дәуіріне тән екенін сол әшекейлер нақтылайды.

Осакаров ауданынан 20 шақырымдай қашықтықта орналасқан қорымды Облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары зерттеп жатқанына 1 аптаға жуық уақыт болған. Ұшқан құстың қанаты талатын кең даладан дәл осы жердің таңдалып алынуы бекер емес. Археологтердің пікірінше, бұл жер – бірнеше өзеннің тоғысқан жері. Сондықтан мал жайып, қоныстануға шұрайлы жер болған. Ал төбедегі тас белгілерге қарағанда, сол кезде діни рәсімдер жүргізетін жер болғанға ұқсайды. Ал қазбаға келетін болсақ, архологтер тапқан дөңгелек қола айна тым ерекше. Әзірге белгілісі – 10 проценті ғана. Мамандар қосымша ақпараттар сараптамалардан кейін анықталатынын айтты.

Соңғы 10 жылда археологтер Арқаның біршама жерін зерттеген. Бірақ бұл – Осакаров ауданында табылған алғашқы құнды жәдігер. Мүрде шамамен 17-20 жастағы қыздікі болса керек.

– Мүрденің жүзі батысқа қаратып жерленген. Қазір дала жұмыстарының жағдайында қасында табылған айнасы сарматтарға да сай келеді деп айтуға болады. Бірақ сарматтар Орталық Қазақстан жерін мекендемеген. Сондықтан мұны б.д.д. 7-5 ғасырға тән деп айтуға негіз бар. Демек, сақ дәуірі екені даусыз, – дейді Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Дәурен Жүсіпов.

Қаңқаның анатомиялық бүтіндігі де ғалымдар таңданысын тудырып отыр. Себебі әдетте мұндай қазбалар тоналған болып шығатын. Салдарынан археологтер қаңқа қалдығын жинап алатын. Енді сараптама жүргізіліп, тіпті қыздың бет-жүзін қалпына келтіру де мүмкін болады.

– Сақ дәуірінің қорғаны мен түркі дәуірінің қорғаны қатар жатқаны – ұрпақ сабақтастығы, яғни біріне-бірі жалғасып келе жатқан қазақтың тарихы. Соны дәлелдеп отырған нәрсе. Бірақ бұл – далада жасалған алғашқы визуалды тұжырым. Қалғанын толық зерттеп, басқа қорғандармен салыстырған соң нақты тұжырымдай аламыз, – деді белгілі тарихшы, Облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов.

Атап өткен жөн, тарихи-мәдени мұраны қорғауға облыс бойынша үш жылдық бағдарлама бар. Аталған жәдігер – соның нәтижесі. Алдағы уақытта облыстың өзге де жерлері зерттелмек.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»