Сөз құдіретін серік еткен Сәкен ұрпағы
Қаламыздағы Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияда ақын, ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығына арналған облыстық «Сәкен оқулары» алғаш рет кең көлемде ұйымдастырылды.
Бұл шараны Қарағанды облысының білім басқармасы мен «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы бірлесе өткізіп, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен елжандылық рухын сіңіруді басты мақсат етті.
«Сөз құдіретін серік еткен Сәкен есімі – біздің гимназия тарихымен біте қайнасып келеді. Ел тағдыры сынға түскен шақта ерлігімен де, өр рухымен де ұлтқа дем болған тұлғаның өнегесі бүгінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталады», – деді гимназия директоры Салтанат Жүсінова.
Байқау төрт бағыт бойынша ұйымдастырылды. Бірінші бағыт – «Сен ақын – «Сыр сандықты» аша білген…» аталымында Сәкен өлеңдерін жатқа оқудан Қарағанды қаласы әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Совет Санжар Ержанұлы үздік шығып, І-орынды иеленді.
Ал «Ән төресін тастап кеткен Сәкен бар…» аталымында сол гимназияның оқушысы Аружан Қабдрашева дәстүрлі нақыштағы орындауымен көрермен сүйіспеншілігіне бөленіп, бірінші орынды жеңіп алды. Оның жетекшісі – Искакова София Ермекқызы.
Қолөнер бағыты бойынша Балқаш қаласының С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Камалова Айзере өз шығармашылығын ерекше өрнектеп, І-орыннан көрінді.
Ал TEDx форматындағы «Сәкен жолы: Жаһандық көзқарас пен ұлттық мұрат» бағытында Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Санак Санжар шешендігімен дараланды.
Шара барысында Сәкеннің сырлы жырлары мен өр рухы сахна төрінде қайта жаңғырды. Домбыраны серік етіп, жеті жылдан бері ән өнерімен айналысып келе жатқан Аружан Қабдрашева Сәкеннің «Біздің жақта» әнін дәстүрлі нақышта орындап, көрермен ықыласына бөленді:
«Мен үшін Сәкен – қазақ руханиятының айбары. Оның шығармалары арқылы халқымыздың биік болмысын тануға болады», – дейді жас өнерпаз.
Қазылар алқасының мүшесі, облыстың білім беру саласының құрметті педагогі Ақдидар Төрекелді байқаудың мәнін былай түйіндеді.
«Бұл сайыстың басты мақсаты – өзара бәсеке емес, ұлт рухын сезіндіру. Әрбір Сәкен есімін иеленген мектепте ақынның рухы сезіліп тұруы керек. Осындай мазмұнды шаралар арқылы біз өскелең ұрпаққа Сәкенді тек өлең арқылы емес, оның тұлғалық болмысы арқылы да танытамыз», – деді ол.
1923 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген еді. Сол туындысы арқылы ол халқының шын атауын қайтарып, ұлт намысын қорғаған.
Бүгінгі «Сәкен оқулары» – сол өр рухтың, ел мен ердің намысын бәрінен жоғары қойған азаматтық ұстанымның өміршең жалғасы.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

