Сәлемдеме жөнелтудегі өзгерістер

Технологиялардың дамуы әлемдегі компаниялардың өз рөлін қайта қарауына әкеліп отыр. Алғашқылардың бірі болып бұл мәселеге пошта операторлары тап болды. Себебі, қағаз хаттар, телеграммалар мен мөрленген сәлемдемелер өткеннің еншісінде қалды. Жуырда Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының пошта туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді қандай өзгерістер болуы мүмкін?

Бұрынғыдай туған-туыстардан сәлемдеме алып, оларға ашық хаттар мен мерекелік құттықтаулар жіберген кездерді тек сағынышпен еске алуға болады. Пошта жәшіктерін күн сайын тексеріп, газеттер мен журналдарға толы сөмкесімен келетін пошташыны күту, пошта бөлімшелеріндегі мөрдің ерекше иісін сезіну – осының бәрі өткен шақтың әдемі сәттері.

– Әрине біз жаңа жылда хат жолдап, сәлемдеме жіберетінбіз. Қазір телефонмен сөйлесеміз. Поштадан қазір тек зейнетақымды алып отырамын, – дейді қала тұрғыны Әсия Қанайбекова.

Бүгінгі таңда пошта қызметі жаңа технологиялар мен интернет-сауданың дамуына байланысты өз рөлін біртіндеп жоғалтып келеді.

– Мен пошта қызметін сирек қолданамын, әрине айыппұл төлейтін кезде осы қызметті қолданамыз. Бұрын газет алып, хат қабылдайтынбыз. Қазір сотталған жандар хат алады. Бүгінде бәрі өзгерген. Бұл қызмет түрін сирек қолданады. Қажетті заттарды жылдам жеткізетін түрлі сайт пайда болды. Қазір поштаны сирек қолданады тұрғындар, – дейді пошта қызметкері Жаңалық Байдильдина.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, қазіргі уақытта пошта саласы үлкен өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қағаз хаттар мен мерзімді басылымдарды жеткізу қызметтері қысқарып жатқанымен, логистикалық инфрақұрылымды жоғалтпау және даму жолдарын табу маңызды. Осы мақсатта 4 желтоқсанда бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы жаңартылуда. Жаңа заңға сәйкес, PIN-код немесе QR-код арқылы поштаны үшінші тұлғалардың қабылдауы мүмкін болады. Бұл маркетплейстерден келген тауарларды пошта бөлімшесіне немесе үйге жеткізуді жеңілдетеді.

– Верификация кезінде жеке деректермен жұмыс жүргізіледі. Бұл рас. Алайда бұл үдеріс мемлекеттік сервистер арқылы жүзеге асады. Мысалы, eGov порталы арқылы. eGov-те жеке деректерге қол жеткізуді қатаң бақылайтын рұқсат беру жүйесі орнатылған, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Сонымен қатар, заң жобасында сәлемдемелерді қабылдайтын постоматтарды тұрғын үйлерде және басқа да орындарда орналастыру және пайдалану тәртібі қарастырылған. Бұрын сұранысқа ие болған әмбебап қызметтердің кейбірі алып тасталады, мысалы, пошта карточкаларын немесе бандерольдерді жіберу. Сондай-ақ, сұранысқа ие болмаған корреспонденцияның сақтау мерзімі қысқарады. Бүгінде «Қазпошта» Қазақстан аумағында 1 800 ауылдық пошта бөлімшесімен қызмет көрсетуде. Олар коммуналдық төлемдерді қабылдау, зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу және жеткізу, мобильді қызметтерді төлеу, есепшоттар ашу, қолма-қол ақша алу, несие төлемдерін қабылдау сияқты маңызды қызметтер атқарады. Кейбір бөлімшеде теміржол билеттері де сатылады. Алдағы уақытта «Қазпошта» электронды коммерцияны дамытуға және ауылдық тұрғындарға қажетті жеңілдікпен дәрі-дәрмектерді үйге жеткізу қызметіне басымдық береді. Бұл ауыл тұрғындары үшін маңызды әрі өзекті бағыт болмақ.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,                                     

«QH»