Сәкен театрында тағы премьера

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры көрерменге ерекше қойылым ұсынды. Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Жәмила» повесінің желісі негізінде сахналанған спектакльдің премьерасы махаббат пен еркіндік тақырыбын жаңа қырынан ашып, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін терең көрсетті.

Режиссердің креативті көзқарасы мен актерлердің жоғары шеберлігі классикалық туындыға жаңаша серпін берді. Сахнадағы шынайы сезім мен әсерлі көріністер көрерменнің көңілінен шығып, оларды ерекше эмоцияға бөледі.

– Басқа режиссерлер назар аудармаған, Шыңғыстың айтпақ болған терең ойы мен жеткізгісі келген идеясының толық ашылмай қалған тұстарын қолымнан келгенше қамтып, соны көрерменге көрсетуге тырыстым. Актерлік құрамды таңдағанда негізінен жастарға басымдық бердім. Менің басты мақсатым – нәубет кезеңінің адамзатқа тигізген ауыр салмағын сахна арқылы шынайы жеткізу болды, – деді режиссер Бекмұхаммед Киекбаев.

Басты рөлді сомдаған театр актрисасы Мақпал Маусымбек Жәмила бейнесін ерекше ықыласпен қабылдап, оның қайсар мінезі мен өмірлік ұстанымы өзіне үлкен әсер қалдырғанын айтты. Актриса бұл образды сахнаға алып шығу – тек жауапкершілік емес, сонымен қатар көрерменге кейіпкердің шынайы болмысын жеткізу екенін ерекше атап өтті.

– Спектакльге шамамен екі айдай дайындалдық. Сол дәуірдегі қыздардың басым бөлігі салт-дәстүрге байланысты өз ойларын ашық жеткізе алмағанын байқауға болады. Ал Жәмила болса, солардың қатарынан суырылып шығып, өзінің қайсар мінезімен, еркін болмысымен ерекшеленді. Бұл қасиеті маған ерекше ұнады деп айта аламын, – дейді бас кейіпкер Мақпал Маусымбек.

Шыңғыс Айтматовтың бұл туындысы сахна төрінде жаңаша қырынан көрініп, классикалық шығарманың уақыт өткен сайын жаңғырып, өзектілігін жоғалтпайтынын дәлелдеді. Көрермендер актерлердің кәсіби ойынын ерекше ықыласпен қабылдап, қойылым соңында әртістерді ұзақ қол шапалақтап, зор қошемет көрсетті.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»