Сәкен театры кезекті маусымын екі бірдей премьерамен аяқтады
Ғасырлық тарихына қадам басқан С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры 92-шығармашылық маусымын екі премьерамен («Qyz Jibek» музыкалық драмасы және «Әли Баба мен қырық қарақшы» балалар қуыршақ спектаклі) аяқтады.
Музыкалық драма театры мәртебесіне ұмтылып келе жатқан С.Сейфуллин театры сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің қаламынан туған ұлттық классиканың озық үлгісі «Қыз Жібек» драмасын көрерменге музыкалық драма жанрында ұсынды. Лиро-эпостық жырдың оқиғасы театрдың ұлт аспаптары және симфониялық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен артистердің орындауындағы ән-күй, музыкамен өрілді.
Дирижер – Әбілқайыр Сағымбаев.
Қоюшы режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбан.
– 1936 жылы Мәскеуде Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде біздің ұлттық руханиятымыздың үлкен жиыны болды. Сол шара аясында біздің өнерпаздар осы Евгений Брусиловскийдің музыкасына жазылған Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклін қойып Мәскеудің ұлы режиссерлерін таңғалдырған еді. Актерлік құрамда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кілең мықтылар болды, олардың арасында қарағандылық төрт актер болды, соның бірі Жібек рөлін сомдаған Жәмила Шашкина еді. Тарихтан белгілідей, ежелде біздің театр музыкалық театр болып құрылған, кейін ол атауды алып тастады. Міне, енді алпыс жылдан соң музыкалық театр болып қазақтың інжу-маржаны, музыкалық спектакль «Қыз Жібекті» қойып жатырмыз. Бұл – біздер үшін үлкен мақтаныш және үлкен қуаныш. Бұл – тек Қарағанды облысының тарихында ғана емес, ұлттық өнеріміздің тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын тарихи шығарма. Әрине, бұл – бастамасы ғана, көрермендер өз бағасын бере жатар. Мұндағы бір керемет, ғажап дүние – театрымыздың өңкей жас актерлері мен әртістері ойнайды. Қазіргі актерлер – тек қана драма жағынан емес, музыка жағынан, би жағынан, қай жағынан болсын оқып келген білімді жастар. Біз театрымыздың болашағына, әсіресе болашақ ізбасарларымызға шын сенеміз. Сәкен театры – еліне, қазақ халқына берері бар үлкен театр, біз онымен мақтанамыз, – деді театр маусымының жабылуына орай өткен баспасөз мәслихатында ардагер әртіс, театр тарланы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер Кеңес Жұмабеков.
Екінші премьера кішкентай көрермендерге арналды. Сәкен театрының жанынан құрылған қуыршақ труппасы алғашқы маусымын шығыс халықтары ертегісінің желісімен жазылған «Әли баба және қырық қарақшы» қуыршақ қойылымымен аяқтады.
Қоюшы режиссер – Антон Зайцев.
– Баламен сахнадан театр тілінде сөйлесу өте маңызды. Бұл қойылым мәңгілік құндылықтар (бауырлар, отбасы, достық) туралы. Бұл қойылым бұрынғыдан да өзекті, өйткені көптеген адам ақшаны, билікті жалпыадамзаттық құндылықтардан жоғары қояды. Бұл тақырыпты бүгін айту керек. Спектакльде тұтас қойылымдық ұжым жұмыс істеді: авторлық декорациялар, авторлық қуыршақтар, авторлық музыка дайындалды, хореограф авторлық билермен драматургия қойды. Мұнда әртістер билейді, ән салады, түрлі жүйедегі қуыршақтарды басқарады, олар көптеген реквизитпен жұмыс істеуі керек. Спекталь екі тілде қойылды, – деп атап өтті алматылық режиссер, «Тотальный театр» театр компаниясының негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі Антон Зайцев.
Сондай-ақ баспасөз мәслихаты барысында С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры мен облыстық «Saryarqa» телеарнасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат премьералық қойылымдарды трансляциялауды және жалпы репертуардағы барлық оқу-тәрбие спектакльдерін телеарнаның алтын қорына жазуды көздейді. Қаздрамтеатрдың негізгі міндеті – бұл үшін барлық қажетті жағдайларды жасау.
– Теледидар мен театрды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Егер мұрағаттарды қарайтын болсақ, онда барлық маңызды театр қойылымдары жазылып, телеарналар арқылы таратылғанын көреміз. Біздің мұрағатта көптеген актеріміз туралы материал бар. Бүгінгі актерлер мен спектакльдерді ұмытпау үшін мұның бәрін сақтап, жас ұрпаққа қалдыруымыз керек. Меморандумның мақсаты дәл осыда, – деп атап өтті «РТРК-Қазақстан» АҚ Қарағанды облыстық филиалы «SARYARQA» телеарнасының директоры Берік Дүйсетаев.
Жалпы, Сәкен театры биылғы маусымды шығармашылықтағы бірқатар табыспен аяқтады.
92-маусымның шымылдығы 2023 жылы 14 қыркүйекте Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясымен ашылды. Қоюшы режиссері – Теміржан Жанботаев.
Сәкен театрының ұйымдастыруымен өткен КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушы, абыз актер Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Сын шын болсын» атты II республикалық театр фестивалі алты күнге жалғасты. Өнер мерекесінде еліміздің ең беделді 9 театры үздік қойылымдарымен бақ сынасты.
Жетісу төрінде аңыз актриса Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» І халықаралық театр фестиваліне О.Бөкейдің «Атау-кере» шығармасы бойынша қойылған спектакльмен қатысып, «Үздік режиссура» жүлдесін жеңіп алды. Талдықорғаннан кейін іле-шала Қызылжарда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан театрларының фестиваліне де осы қойылымды алып барған театр ұжымы «Үздік сценография» жүлдесін қанжығасына байлады.
Осы күзде Сәкен театрының шығармашылық тобы Алматыда өткен Жас театрлардың (режиссерлердің) І республикалық фестиваліне Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпейісова қойған «Қарагөз» спектаклімен қатысып, 30 қойылымның арасындағы үздік 8 қойылымның бірі атанып, жүлдеге ие болып қайтты.
Астанаға гастрольдық сапармен барып, елорда көрермендерінің қошеметіне бөленіп қайтты. Күніне қойылған екі-үш спектакльдің барлығы да аншлагпен өтті. Театр репертуарындағы «Ұлтқа қызмет», «Текебұрқақ», «Айналайын», «Атау-кере» спектакльдері және балаларға арналған ертегі қойылымдарын астаналықтар ыстық ықыласпен қабылдады.
92-маусымда Сәкен театры жанынан қуыршақ труппасы ресми ашылған болатын. Труппаның «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» халық ертегісінің желісімен қойылған алғашқы қуыршақ қойылымы Омандағы халықаралық фестивальда «Үздік сахналық костюм үшін» жүлдесімен марапатталды. Қоюшы режиссер әрі костюмдер, сахна мен қуыршақтар эскизін жасаған Айдын Салбан бастаған жас әртістердің Маскатта Тунис, Кувейт, Ирак, Иран, Марокко және басқа да мұсылман араб елдерінің байырғы театрлары қатысқан бәсекелі жарыста алған жүлделерінің оңай олжа емес екені белгілі.
Оманға сапардан бұрын Сәкен театрының қуыршақ труппасы Алматыда өткен «Almaty Puppet Festival» І халықаралық фестиваліне осы аталған қойылыммен қатысып, «Үздік сценография үшін» жүлдесін еншілегенін айтуға тиіспіз.
Мамыр айының басында Сәкен театры Қазақстанның халық жазушысы С.Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орай Көкшетауда өткен «Сәлем» халықаралық театр фестиваліне Е.Жуасбековтің «Үйлену» музыкалық комедиясымен қатысып, «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесін алып қайтты.
Бұдан соң Сәкен театры Уфа қаласында (Башқұртстан астанасы) өткен «Туғанлық» ұлттық театрларының VІІІ халықаралық фестиваліне «Қарагөз» трагедиясымен қатысып қайтты. Басты рөлдерді сомдаған екі артисіміз Бауыржан Нұрмұхамедов пен Әнелі Сағындықова «Үздік ер адам рөлі» және фестивальдың арнайы жүлдесімен марапатталды.
92-маусымдағы премьералық қойылымдар: Генрик Ибсеннің «Гедда Габлері», режиссері – Д.Жұмабай /драма/; С.Дударевтың «Кеші», режиссері – Б.Ұзақов /драма/; Ә.Ақтайдың «Ай қараңғысы» әлеуметтік драмасы, режиссері – А.Салбан; Ұ.Есдәулеттің «Қара пима» психологиялық драмасы, режиссері – А.Салбан.
Театрдың қуыршақ труппасы осы маусымда Х.Гюнтердің «Керік пен Мүйізтұмсық» ертегісін, А.Салбан «Сүйкімді көбелек», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» халық ертегісін, «Ойыншықтар оянғанда» қуыршақ қойылымдарын сахналады.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»