Сүйектен сомдалған сыр

Қарағандыда ұмыт бола бастаған көне кәсіп қайта түлеп жатыр. Жергілікті дизайнер Евгения Шульц – төрт түліктің сүйегінен көркем бұйымдар жасайтын, Қазақстандағы осы сирек өнерді меңгерген жалғыз әйел. Зергерлік дәлдік пен терең рухани күйді талап ететін бұл қолөнер түрі ғасырлар қойнауынан жеткен рухани мұрамыздың бүгінгі жарқын көрінісіне айналуда.

Қазақ дастарқанында төрге қойылатын қойдың басы енді ерекше бұйымға айналуда. Әдетте дәмі алынған соң қоқысқа кететін сүйекті қолөнер шебері арнайы құралдармен оюлап, табиғи тастармен безендіреді. Нәтижесінде әшекей сақтауға немесе үй интерьерін әсемдеуге арналған бірегей туынды пайда болады. Қарағандылық этнодизайнер Евгения Шульц үшін сүйек – шығармашылықтың жаңа тынысы. Ол он жылдан астам уақыт бойы киізден картина, киім және түрлі аксессуарлар жасап келеді. Ал соңғы алты жылда оның басты қызығушылығына айналған бағыт – сүйек ою өнері. Қолына түскен жілік шебердің қолында өрнекті туындыға айналады.

– Сүйекпен жұмыс істеу – үлкен дәлдік пен шыдамдылықты қажет ететін іс. Ең алдымен сүйек бірнеше сағат бойы арнайы химикаттар қосылып қайнатылады. Мұнда пропорцияның дұрыс сақталуы өте маңызды – егер қоспасы көп болса, сүйек тым жұмсарып, үгітіліп кетуі мүмкін. Қайнату процесі аяқталған соң, сүйек мұқият салқындатылып, толық тазаланады. Ішінде ет немесе сіңірдің ұсақ қалдығы қалып қойса, кейін ол жері шіріп кетуі мүмкін. Мен бұл технологияны зергерлердің жұмысын бақылай отырып меңгердім, – дейді этнодизайнер Евгения Шульц.

Сүйек ою өнері – тарихы тереңге тамыр тартатын көне дәстүр. Ежелде Қытайдан бастау алып, Ұлы дала арқылы әлемге тараған бұл өнер бүгінде Қазақстанда жаңа қырынан жаңғырып жатыр. Қазір оны заманға бейімдеп, жаңаша бағытта дамытып отырған санаулы шеберлердің бірі – Евгения Шульц. Оның қолынан шыққан бұйымдар тек сәндік емес, тұмарлық мәнге де ие. Бір туындыны жасауға шебер кейде екі айға дейін уақыт жұмсайды.

– Қазақ халқында сүйектен жасалған бұйымдарға қатысты терең сенім бар. Олар үйді дерттен, қиындықтан, кедейліктен қорғайды деген түсінік қалыптасқан. Мәселен, ертеде қыз ұзатылғанда оған жауырын сүйегінен жасалған бұйымды тұмар ретінде сыйлаған. Бұл – жаңа шаңырақта береке-бірлік, татулық орнасын деген игі ниетпен жасалған ырымы, – деп атап өтті Евгения Шульц.

Қарағандыдан шыққан этнодизайнер Евгения Шульц өнері шетелде де кеңінен танымал. Оның киізден жасалған картиналары АҚШ, Франция, Германия сияқты елдерде жоғары бағаланып, эксклюзивті жамылғылары мен сөмкелері NAURYZ-FASHION фестивалінің сән көрсетілімін жыл сайын толықтырады. Піл сүйегін оюдың әлемдік орталығы саналатын Германияның Эрбах қаласынан шабыт алған Евгения «Bone Lace» атты жеке брендін құрды. Оның шығармашылығында Шығыс пен Батыс стилі, дәстүр мен заманауи өнердің үйлесімі айқын көрінеді. Болашақта дизайнер республика көлемінде ірі көрме ұйымдастыруды мақсат етеді.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»