Сәбилер күні
Қарағанды қаласында шала туған сәбилер күні аталып өтті. Қазақстанда жыл сайын 20 мыңнан астам нәресте толық жетілмей дүниеге келеді. Осыған орай, «Кәусар» оқушылар сарайында №2 перинаталдық орталықта шала туған сәбилер мен олардың ата-аналары бас қосты.
Бұл балалар басқа сәбилерден тек уақытынан ерте дүниеге келгенімен ғана ерекшеленеді. Кейбіреулері табиғи мерзімнен әлдеқайда бұрын туылады. Мәселен, Бекзат 2023 жылы 28 апталығында 1 келі 400 грамм болып туылған.
– Тек қана ерте туылғанымыз болмаса, бізде бәрі жақсы. Екінші перинаталдық орталықтың барлық қызметкеріне алғысым шексіз. Мұндай шаралар көп бола берсін деймін, – дейді Бекзаттың анасы Дильбар Давранова.
Әлемде әрбір оныншы бала шала туылады, ал Қазақстанда әрбір жиырмасыншы нәресте уақытынан бұрын дүниеге келеді. Шала туған деп 36 аптаға дейін және салмағы 2,5 килограмнан төмен болып туған нәрестелерді айтады. Мұндай сәбилер ерекше күтімді қажет етеді. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, қазір Қазақстанда шала туған балалардың өміршеңдігі 4 есеге артқан. Дәрігерлер салмағы 500 грамм ғана болған сәбилерді де аман алып қалуға қол жеткізуде.
– Енді бүгінгі мерекемізге біздің, екінші перинаталдық орталықта дүниеге келген балаларды қонаққа шақырдық. Олардың ата-аналарымен, дәрігерлерімен бірге осы мерекені атап өттік. Бізде туылған балаларға мықты денсаулық тілейміз. Мектепте жақсы оқысын, бізге жыл сайын келіп тұрсын, – деп тілегін білдірді №2 Перинаталдық орталықтың жетекшісі Жарқын Нұркеева.
Бүкіләлемдік шала туған балалар күні жыл сайын 17 қарашада аталып өтеді. Бұл күнді жаңа туған сәбилерге күтім жасау бойынша Еуропалық қор бекіткен. Бүгінде бұл мереке 50 елде атап өтіледі. Пришахтинск перинаталдық орталығының қызметкерлері өз орталығында мерзімінен бұрын дүниеге келген барлық баланы жинап, әр ана өз оқиғасымен бөлісті.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»