Сәби бақытының аралы: «Гүлнұр» бөбекжайына 70 жыл!

Қарағанды қаласының мектепке дейінгі тәрбие саласында өзіндік орны бар, беделді де танымал білім ордасы – «Гүлнұр» балабақшасы биыл айтулы белесті бағындырды. 1955 жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан құрылған бұл мекеменің іргетасы қаланғанына биыл тура 70 жыл толды.

Тарих парақтарынан балабақша тарихы тереңде жатыр. 1981 жылы №127 балабақша болып қайта құрылып, Қарағанды қалалық білім бөліміне берілген кезден бастап, мекеме нағыз кәсіби ұстаздардың ордасына айналды. Жетпіс жыл ішінде мұнда тек білім беріліп қана қоймай, әр балаға отбасылық жылулық сыйлайтын ерекше атмосфера қалыптасты.

 

Мейірімділік эстафетасы

Тұлғалар тарихы Балабақшаның гүлденуіне әр жылдары басшылық еткен директорлардың қосқан үлесі орасан. Алғашқы меңгеруші Жеңіс Сағындықова Дүйсембаевадан бастап, көп жылдар бойы ұжымды Нелли Эдуардовна Михайлова басқарды. Сондай-ақ Рузеля Гарифуллина, Зухра Казтаева, Светлана Яковлева сынды басшылар балабақшаның іргесін бекемдеп, жүректерінің бір бөлшегін осы қабырғада қалдырды. Бүгінде бұл игі дәстүрді қазіргі директор Дәмелі Айтжановна Салыкова абыроймен жалғастырып, «Гүлнұрды» балалар үшін бақыт аралына айналдырып келеді.

 

Алтын діңгек – ұлағатты ұжым

Балабақшаның басты мақтанышы – оның тұрақты әрі тату ұжымы. Осы жылдар ішінде Т.В.Михальчук, В.П.Грабова, В.Н.Колиниченко сынды әдіскерлер, А.М.Козина, Т.И.Лучинина, М.Е.Зубко секілді тәрбиешілер мен басқа да қызметкерлер мекеменің мықты іргетасын қалады. Бүгінде олардың жолын И.Н.Карпулевская, Г.И.Беспалова, М.В.Ким, Н.В.Попова, Л.С.Зинькив сынды тәжірибелі мамандар жалғап, ортаға жас буын – Ұ.Б.Аясова мен П.Қ.Атыбаевалар қосылды.

 

Заманмен үндескен инновация

Бүгінгі «Гүлнұр» балабақшасы – заманауи технологияларды меңгерген мекен. Педагогтар жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, авторлық дидактикалық ойындар мен құралдар әзірлейді. Ұжымның шығармашылық ізденісі республикалық «Үздік жоба» және қалалық «Бестемше» конкурстарындағы жеңістермен дәлелденіп келеді.

 

Ұлттық құндылықтар – тәрбие өзегі

Балабақшада «Адал азамат», «Тілге бойлау», «Менің Отаным және Мен» бағдарламалары арқылы балалардың бойына патриоттық сезім ұялатылады. Қазақ тілі мұғалімі Айым Сипатова «Әжемнің ертегісі», «Алғашқы ұстаз – ата-ана» жобалары арқылы бүлдіршіндерді ана тілі мен салт-дәстүрге баулып келеді. Оның жемісі ретінде бүлдіршіндер «Қазақшаң қалай, балақай?», «Тәуелсіз ел жастары» байқауларында топ жарып жүр.

Музыкалық жетекші Анастасия Козыреваның арқасында балалар вокал мен биден «Алтын күз», «Шаг вперед» секілді республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болуда. Сондай-ақ, ата-аналармен бірлесе өткізілетін «Бұрымды қыз» байқауы мен Наурыз мерекелері – мекеменің ажырамас бөлігі.

Жетпіс жылдық тарихы бар «Гүлнұр» – бүгінде үшінші буынды тәрбиелеп отырған сенім мекені. Бір кездері өздері осы бақшаға барған бүлдіршіндер бүгін мұнда өз балаларын, тіпті немерелерін жетелеп әкелуде. Бұл – нағыз халықтық махаббат пен кәсібиліктің белгісі!

И.Н.КАРПУЛЕВСКАЯ,

«Гүлнұр» бөбекжайының әдіскері