Құрылтай мен Халық кеңесінің жаңа рөлі айқындалды
Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа аясында Конституциялық комиссия «Құрылтай» және «Халық кеңесі» бөлімдерін талқылады. Парламенттің бір палаталы жүйеге көшуіне байланысты Конституцияның бірқатар бабына елеулі өзгерістер енгізу жоспарлануда.
Комиссияның екінші отырысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров алдағы реформалар аясында атқарылатын жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады. Оның айтуынша, жаңашылдықтар ең алдымен «Парламент» бөліміне қатысты болады. Атап айтқанда, Парламенттің қалыптасу тәртібі, өкілеттіктері, құзыреті, заң қабылдау рәсімдері мен құрамы қайта қаралады. Кейбір конституциялық бапты толықтай алып тастау ұсынылып отыр. Бұл туралы «Конституциялық реформа – 2026» ақпараттық алаңы хабарлады. Жаңа жобаға сәйкес, Құрылтай Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде айқындалады. Құрылтайдың өкілеттік мерзімі оның алғашқы сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Құрылтайдың бірінші сессиясы жұмысын бастағанға дейін жалғасады. Құрылтайдың қызметін ұйымдастыру, депутаттарының құқықтық мәртебесі мен жұмыс тәртібі арнайы Конституциялық заңмен реттелмек. Ұсынылып отырған модель бойынша бір палаталы Парламент 145 депутаттан тұрады. Депутаттар пропорционалды өкілдік жүйесі арқылы, біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша сайланады. Депутаттардың өкілеттік мерзімін бес жыл етіп белгілеу көзделіп отыр. Сонымен қатар комиссия отырысында Құрылтай депутаттарын сайлау мерзімдері, дауыс беру тәртібі, Құрылтай Төрағасын сайлау рәсімі, сондай-ақ кандидаттарға қойылатын талаптар мен шектеулер жан-жақты талқыланды. Жиын барысында Мемлекет басшысының бастамасымен ұсынылған тағы бір маңызды жаңашылдық – Халық кеңесін құру мәселесі көтерілді. Бұл жаңа жоғары консультативтік орган қоғамдық-саяси бірлестіктер мен белсенді азаматтарды біріктіріп, азаматтық қоғамның дамуына және ел бірлігінің нығаюына серпін беруді мақсат етеді. Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, Конституцияда Халық кеңесіне арналған жеке бөлімнің енгізілуі оның маңызын айқындай түседі.
– Халық кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Оның құрамы Қазақстан Республикасының азаматтарынан жасақталады. Халық кеңесін құру тәртібі, құрамы, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері Конституциялық заңда нақты бекітіледі, – деді Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.
Осылайша, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, халықтың саяси үдерістерге қатысуын кеңейтуге бағытталған.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

