Руханиятқа қосылған салмақты олжа
Қарағандыда белгілі публицист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабектің «Сұңқардың көз жасы» атты жаңа кітабы көпшілікке таныстырылды. Тұсаукесер Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті.
Рухани басқосуға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай бастаған зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен оқырмандар қатысты. Шараны филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов жүргізіп, кітапқа кәсіби тұрғыда талдау жасады. Мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген жинаққа автордың соңғы жылдары жазған публицистикалық еңбектері енген. Кітап төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы «Парасат майданында» бөлімінде ұлт тарихындағы ірі тұлғалар, соның ішінде «Әлихан әлемі һәм Әділетті Қазақстан» тақырыбындағы ой-толғамдар қамтылған. «Сырашар» бөлімінде мазмұны терең, ауқымды сұхбаттар топтастырылса, «Атың барда – жер таны…» атты үшінші бөлімде автордың сапар жазбалары берілген. Ал «Тұлғалар» бөлімінде ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың бейнелері қаламгерлік таныммен сомдалған. Кітаптың таныстырылымында облыстық мәдениет және құжаттама, архивтер басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы сөз сөйлеп, туындының қоғам үшін маңызын атап өтті. Салтанатты сәтте кітаптың лентасы қиылып, бұл құрметке Рымбала Омарбекова, Ғалым Жайлыбай, еңбек ардагері Қанат Отарбаев және Мейраш Ұзақбайқызы ие болды. Ғалым Жайлыбай өз сөзінде Ерсін Мұсабектің азаматтық болмысына, шығармашылық жауапкершілігіне жоғары баға беріп, жаңа еңбектің оқырманын табатынына сенім білдірді. Кеш барысында зиялы қауым өкілдері сөз алып, «Сұңқардың көз жасы» жинағының мазмұндық салмағы мен рухани құндылығына тоқталды. Кітаптағы эсселер мен портреттік мақалалардан уақыт тынысы, тұлға тағдыры мен азаматтық жауапкершілік айқын көрінетіні айтылды. Таныстырылым соңында автор оқырмандармен еркін форматта пікір алмасты. Ерсін Мұсабек кітап атауына байланысты қойылған сауалға жауап беріп, жинақтағы 1986 жылғы зобалаң құрбаны, елге белгілі қайраткер Мейрам Абақанов туралы эссенің атауы кітаптың жалпы атауына негіз болғанын айтты. Сонымен қатар алдағы уақытта проза жанрында қалам тербеп, жаңа еңбектермен оқырманға жолығуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Айта кетейік, «Сұңқардың көз жасы» кітабы мемлекеттік тапсырыс негізінде жарық көріп, республика көлеміндегі кітапханалар қорына таратылатын болады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

