Рухани келісім күні: татулық пен түсіністікке үндеу
Бақдәулет Қыдырбайұлы: «Бұл мереке – бірлік пен мейірімділікке шақыратын күн».
18 қазан – Қазақстан үшін рухани келісім мен татулықтың символына айналған күн. Бұл дата еліміздегі ұлттар мен діндердің бейбіт өмір сүру мәдениетін айқындайды. 1992 жылы Алматыда өткен Дүниежүзілік рухани келісім конгресі жаңа дәуірдің бастауын белгілеген болатын.
Бүгінде Қазақстанда 140-тан астам ұлт пен 17 конфессия өкілдері ынтымақтастық пен өзара құрмет жағдайында өмір сүруде. Осы мереке аясында біз Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Бақдәулет Қыдырбайұлымен рухани татулықтың мәні мен қазіргі қоғамдағы орны туралы сұхбаттасқан едік.
– Бақдәулет Қыдырбайұлы, сіз үшін «Рухани келісім күні» дегенде ең алдымен не ойыңызға оралады?
– Мен үшін бұл күн – бірлік пен түсіністіктің, ортақ рухани құндылықтардың мерекесі. Әр азаматтың жүрегінде мейірімділік пен достық сезімін жаңғыртуға шақыратын ерекше дата деп білемін.
Рухани келісім – бұл дін мен ұлтқа бөлінбей, адамшылық пен ізгілікке ұмтылу, жақсылықты дәріптеу.
– Қарағанды өңірінде бұл күн қалай атап өтіледі?
– Облыстық «Әнет баба» мешіті жыл сайын осы мерекеге арналған іс-шараларды ұйымдастырып келеді.
Мәселен, діни бірлестіктер арасында дөңгелек үстелдер мен диалог алаңдары, қайырымдылық акциялары, жастармен кездесулер өткізіледі.
Мысалы, Жәйрем кентінде жамағат үлкен апаға көмек көрсету, мейірімділік таныту шарасын өткізді. Сондай-ақ ауылдық жерлерде «Дін мен дәстүр» тақырыбында рухани кездесулер ұйымдастырылып, қоғамдағы бірлік пен өзара құрмет ұғымдары кеңінен насихатталды.
– Қазіргі қоғамда рухани келісімнің маңызы неде деп ойлайсыз?
– Рухани келісімнің маңызы өте зор. Қазіргі заманда діни түсініспеушіліктер мен радикалды көзқарастарға жол бермеудің ең тиімді жолы – ортақ рухани құндылықтарды дәріптеу және диалог мәдениетін қалыптастыру.
Бұл бағыттағы негізгі алғышарттар мыналар деп есептеймін:
Білім мен діни сауаттылық – адамдардың өзара түсінісуіне негіз.
Диалог пен ашықтық – кез келген конфессияның өз ойын еркін айтуы маңызды.
Мейірімділік пен төзімділік – өзгеге құрметпен қарау, сабыр мен сыйластық таныту.
Жастарды рухани тәрбиеге тарту – болашақ ұрпақтың бойында татулыққа жауапкершілік сезімін ояту.
– Өз тәжірибеңізде рухани келісімге қалай үлес қосып жүрсіз?
– Мен үнемі уағыздарымда бірлік, кешірімділік, рухани құндылықтар туралы айтып жүремін. Сонымен қатар ауыл-аймақтарда семинарлар мен рухани кездесулер ұйымдастырамыз.
Мысалы, Ақшатау ауылында «Дін мен дәстүр» атты шара өткіздік.
Қайырымдылық іс-шараларына қатысу, мұқтаж жандарға көмек көрсету – меніңше, бұл да рухани келісімнің нақты көрінісі.
– Жалпы, мешіт пен дін қызметкерлерінің қоғам алдындағы рөлі қандай?
– Біріншіден, мешіт – қоғамның рухани орталығы болуы тиіс. Онда халық ақиқат пен ізгілікті үйренеді.
Екіншіден, дінаралық және ұлтаралық диалогқа белсенді қатысу қажет. Басқа дін өкілдерімен бірлескен жобалар, пікір алмасулар – қоғамда өзара түсіністікті нығайтады.
Үшіншіден, жастармен жұмыс – біздің басты міндетіміз. Олардың рухани ахуалын бақылап, дұрыс бағыт беру – имамның парызы.
Төртіншіден, әділдік пен теңгерімді қолдау – қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі.
Сөз соңында айтарым: «Рухани келісім күні» – бұл тек мереке емес, күн сайын ұстануға тиіс өмірлік қағида.
Біздің жүрегімізде сол келісім мен татулық сақталса, ел болашағы да баянды болмақ.
– Әңгімеңізге рақмет, Бақдәулет Қыдырбайұлы!
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»