Рухани еңбектің еленуі

Қарағанды облысында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бастамасымен имамдардың жылдық қорытынды жиыны өтті. Шара ҚМДБ Төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қолдауымен ұйымдастырылып, облыс бойынша бас имам Естай Айтуғанұлының жетекшілігімен жүзеге асты. Жиында өңірдегі дін қызметкерлері бір жыл бойы атқарған жұмыстарын саралап, алдағы кезеңге арналған жоспарларын пысықтады.

Имамдар есепті кезеңде орындалған негізгі бағыттарды талқылады. Атап айтқанда, «Дін мен дәстүр», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту» бағыттары бойынша атқарылған шараларға тоқталды. Сонымен қатар, қоғамда жат діни ағымдардың алдын алу мәселесі көтеріліп, аталған бағыт бойынша жүргізілген түсіндіру жұмыстары баяндалды. Биылғы 2025 жылдың «Ислам және отбасы құндылығы» жылы болып жариялануына байланысты, отбасылық тәрбиені нығайту, ата-ананың рөлін арттыру, жастардың діни сауатын ашу тақырыптары жиынның басты өзегіне айналды.

Жиын барысында жыл бойы белсенді қызмет атқарған дін қызметкерлері марапатталды. «Үздік қала имамы» атағы Саран қалалық мешітінің имамы Нұржігіт Мұсабековке берілді. «Үздік наиб имам» номинациясына Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы Амантай Естай ие болды. Ал «Үздік аудан имамы» атағы Мұхаммадқашқари Яхияевқа бұйырды. Нұра ауданы, Көбетей ауылдық мешітінің молдасы Сергали Камзин «Үздік ауыл имамы» атанды. Абай ауданының Топар кентіндегі мешіт имамы Мурсали Ақмағанбет «Үздік кент имамы» ретінде танылды.

Сонымен қатар, Қарқаралы ауданының Қасым Аманжолов ауылындағы мешіт молдасы Сабырбай Егубаев «Үздік ардагер имам» номинациясымен марапатталды. Қарағанды қаласындағы «Әнет баба» мешітіндегі діни сауат ашу орталығының ұстазы Дастан Рақымжан «Үздік ер ұстаз» деп танылса, Теміртау қаласындағы «Жақып Ақбай» мешітінің ұстазы Ақниет Сейітқалиева «Үздік әйел ұстаз» атанды. «Әнет баба» мешітінің тазалықшысы Айгерім Ахметова да еңбегі еленіп, арнайы марапатқа ие болды.

Жиынды қорытындылаған облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы дін қызметкерлерінің бірлігін атап өтіп, олардың жыл бойына атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді. Ол алдағы уақытта да бірлескен еңбектің жалғаса беретініне сенім білдіріп, қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайтуда имамдардың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.

Жылдық жиын Қарағанды өңіріндегі дін саласының жүйелі дамып келе жатқанын көрсетіп, имамдардың қоғам алдындағы міндетін абыроймен атқарып жатқанын тағы бір дәлелдеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»