Рубль бағамы құлдырауының нарыққа әсері

28 ақпанда Қазақстан Ұлттық банкі мен Қазақстан қор биржасы теңге — АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда- саттық регламентін өзгерту жайлы шешім қабылдады. Бірлескен мәлімдемеде бұл шаралар сыртқы геосаяси факторлардың Қазақстанның валюта нарығына және ел ішіндегі қаржы тұрақтылығына қысымын мейлінше азайту мақсатымен жасалып жатқаны айтылған.

Биржадағы бұл тұрақсыздыққа Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың салдары бар. Рубль бұрын- соңды болмаған деңгейге құлдилап жатыр. Ресей Қазақстанның экономикалық серіктесі саналатындықтан, бұл ахуал бірден теңге бағамына да әсер етті.

Сондықтан ақша айырбасындағы аумалы- төкпелі қазіргі жағдайға қарағандылық кәсіпкерлер де алаңдаулы. Олар 2014 жылғы жағдай қайталана ма деп қауіптенуде. Өйткені сол жылы рубль бағамының күрт төмендеуі отандық компаниялардың құлдырауына алып келген болатын. Көрші елдерде Ресей ақшасы құнын жоғалтып, кәсіпкерлерге зиянын тигізген. 2014–2015 жылдары Ұлттық банк теңгені қолдау үшін 28 млрд. доллар жұмсаған. Ресей Украинаға соғыс ашқаннан бері, ұлттық валютаның құлдырауы Орталық Азияның өзге елдеріне әрқалай әсер етуде. Еуразиялық Экономикалық Одақ мүшелігіндегі Қырғызстанда ұлттық валюта (сом) 12 пайызға құлдырады. Теңге бағамы төмендеуі салдарынан онсыз да бағынудан кеткен баға тағы шарықтайды деген болжам да айтылуда. Экономистер де теңгенің құдырауы, шеттен келетін шикізаттың қымбаттауы ел ішіндегі бағаға әсер ететінін жоққа шығармайды. Себебі Ресейдің былтырғы жылы біздің елмен сауда айналымы 21 млрд. доллардан асса, қазіргі ахуал мүлде бөлек. Қаржыдағы қиындықтың ендігі бір себебі — Батыстың Ресейдің негізгі банктеріне санкция салуы. Көптеген банк доллар жүйесінен ажыратылды. Бұл әрекет Ресей экономикасын ақсатып, Ресеймен тығыз қатынастағы Қазақстанға да әсер етіп жатыр.

Теңгедегі әлсіздіктің алдын алу үшін түрлі шара жасалуда. Теңге депозитінен ақша шешіп алмай, жыл соңына дейін ұстағандар болса, банктер пайыздық сыйақыны арттыру арқылы жұртты ынталандыруды да ойластырды.

«Мұндай қолдау, ынталандыруға қарамастан Ресейдің ішкі нарығындағы тұрақсыздықтан оларда тапсырыс азайып, жұмыс саябырсиды» дейді қазақстандық кәсіпкерлер. Рубль бағамы төмен екенін ескерсек, онда олар ұсынар өнім құны бүгінгіден арзан болады. Бизнестегі бұл құлдыраудан құтылу жолын іздеген Ресей біздің нарыққа кіріп, біздің нарықты жаулайды деген болжам бар. Ал кәсіпкерлер пікірінше, Қазақстан Ресеймен арадағы нарыққа саяси жағынан да, физикалық тұрғыдан да төтеп беруге дайын емес. Бізде өз нарығымызды қорғау тетіктері аз. Мемлекеттік сатып алу кезінде тапсырыс берушілер отандық өндірушілерге артықшылық береді. Алайда, негізінен, мердігерлер ресейлік өнімді сатып алуға ықыласты. Ол елдің өндірушілері тауарлары мен қызметтері қымбат болған күнде, бәсекелестік жағдайында топ жару үшін, сатып алушыға айтарлықтай жеңілдіктер жасап жатады. Біздегі тұтынушыларды отандық тауарларды сатып алуға бірден икемдеу де жеңіл емес.

— Қазір, қарап отырсаңыздар, көбінесе тұрмыстық техника бағасы көтеріліп жатыр. Бізге тұрмыстық техниканың біразы Ресейден келеді, сондықтан ол елдегі қазіргі жағдаймен бағамдар болсақ, баға тақау күндерде тұрақтанады деп айту қиындау, — дейді Қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин.

Қазақстанға санкциялар салынбағанымен, біз Ресейге және бүкіл Кеден одағына тым тәуелдіміз. Елімізде мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде көптеген кәсіпорын ашылды. Алайда ол өндіріс ошақтары бұл күндері түгелдей дерлік өндіріс қуаттылығына шықты дей алмаймыз. Сондықтан ол кәсіпорындар да бүгінгі ахуалдың жаңа жағдайларына төтеп бере алмауы мүмкін.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

«QH»