Ұрпақтар сабақтастығы – болашаққа бағыт

Қазақ халқы ежелден ел қорғаған ерлерін құрметтеп, ұрпаққа үлгі етіп көрсетуді дәстүрге айналдырған. Бүгінде бұл дәстүр жалғасын тауып, жас буынға патриоттық тәрбие беру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Осындай игі бастамалардың бірі ретінде болашақ Отан қорғаушыларға арналған «Ұрпақтар сабақтастығы» атты кездесу ұйымдастырылып, ардагерлер мен әскери қызметшілер жас ұрпақпен жүздесті.

Шара Жаңа Майқұдықтағы Мәдениет үйінде өтті. Кездесу барысында әскери қызметшілер, ардагерлер, студенттер мен мектеп оқушылары бас қосты. Мақсат – өскелең ұрпақтың бойына азаматтық жауапкершілікті дарытып, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру.

Жиынға қатысушылар алдымен Қарағандылық режиссер Александр Кирьянов түсірген деректі фильмді тамашалады. Бұл туындыда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің тағдыры, ерліктері мен жастарға айтқан өсиеттері баяндалады. Ардагерлер бүгінде арамыздан кеткенімен, олардың жүріп өткен жолы мен ұрпаққа қалдырған өнегесі бейнежазба арқылы кейінгі буынға жетіп отыр.

Кездесу барысында Әлихан Бөкейхан ауданының ардагерлер кеңесі, аудандық қорғаныс бөлімшесі, әскери-техникалық мектеп және әкімдік өкілдері сөз сөйлеп, жастарды елжандылыққа шақырды.

Әлихан Бөкейхан ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы, полковник Марат Аймағанбетов жастардың әскерге өз еркімен баруға ниет білдіріп жатқанына ерекше қуанышын жеткізді.

– Медициналық комиссияға келген жігіттерді көріп, балаша қуандым. Оларды ешкім мәжбүрлеп әкеліп жатқан жоқ. Көздерінен жалын байқалады. Әскерге баруды, Отан алдындағы борышын өтеуді шын жүректен қалағаны көрініп тұр. Мен де өз жолымды сарбаздықтан бастап, полковник шенінде аяқтадым. Сондықтан бұл жолдың жауапкершілігі мен маңызын жақсы білемін, – дейді Марат Аймағанбетов.

Ал Ауған соғысының ардагері Қожахмет Хасенов жастарға жауынгерлік жолынан сыр шертті.

– Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер бүгінде арамызда аз қалды. Біз де кезінде 18–19 жасымызда Ауғанстанға барып, жауынгерлік міндетімізді атқардық. Ендігі парызымыз – өз тәжірибемізді жеткізіп, жастардың бойына патриоттық рух ұялату, – деп атап өтті ол.

Жиынға қатысқан жастар да өз ойымен бөлісті. Әскери-техникалық мектептің курсанты Ахмет Абзалбек алдағы арман-мұраты туралы айтты:

– Қазір үш айлық оқу курсын өтіп жатырмын. Кейін әскерге барып, ер азамат ретінде Отан алдындағы борышымды абыроймен орындағым келеді. Әскерден соң білімімді жалғастырып, грантқа түсуді мақсат етемін, – деді ол.

Кездесуде сөз алған ардагерлер мен әскери қызметшілердің барлығы бір ауыздан: ұрпақтар сабақтастығы – өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпір екенін айтты. Ол жас буынның бойына елге деген сүйіспеншілік, адалдық пен жауапкершілік сезімін сіңіреді.

Осындай рухани-патриоттық іс-шаралар жастардың жігерін шыңдап қана қоймай, олардың санасына бейбіт өмірдің бағасын ұғындырады. Ел үшін аянбай тер төккен ардагерлердің ерлігі – болашақ сарбаздар үшін мәңгілік өнеге.