Ұрпаққа ұлағат болған ғұмыр

1935 жылдың 8 наурызында Қарқаралы ауданы, Жәнібек колхозында дүниеге келген Бәтен Қауымбаева бір ғасырдың жүгін арқалаған, тағдырдың талай сынынан сүрінбей өткен жан. Балалық шағы соғыс жылдарының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келіп, жастайынан еңбекке араласқан ол тыл ардагері ретінде елге адал қызмет етті. Бүгінде ұрпағының ортасында ақ батасын беріп отырған кейуана ғұмыры – табандылық пен төзімнің, еңбек пен тәрбиенің өнегелі үлгісі.

Соғыс жылдарындағы қиындық Бәтен әженің мінезін шыңдады. Тылдағы тынымсыз еңбек оның бойына жауапкершілік пен қайсарлық қасиетті сіңірді.

– Еркектің не әйелдің жұмысы деп қарамадық. Сиыр сау десе – сиыр сауамыз, малдың төлін бөл десе – соған барамыз. Қиын жұмыстан қашпай жүре бердік. Ең бастысы – елге пайдамыз тисін дедік, – деп еске алады ол.

1953 жылдың 1 қыркүйегінде Сағындық атамен шаңырақ көтеріп, үлкен өмір жолына бірге қадам басты. 18 жасында келін болып түскен Бәтен әже аз уақыттың ішінде әулеттің ұйытқысына айналды. Жұбайымен бірге 12 перзент сүйіп, барлығына бірдей аналық мейірім мен тәрбие берді. Екі рет егіз дүниеге келген. Тағдырдың жазуымен 6 перзенті өмірден озғанымен, бүгінде 6 баласы – Гүлшат, Күлай, Серік, Бейбіт, Гүлжазира, Кәмшат – анасының ақ батасын алып, өсіп-өнген әулеттің тірегіне айналған. Ұрпағы да тамырын тереңге жайды: 9 немере, 11 шөбере, 17 жиен, 38 жиеншар, 3 шөпшек.

– Ешқашан балаларымды, немерелерімді бөліп-жармаймын. Барлығы бірдей. Бәрін де бір жүрекпен жақсы көремін, – дейді ардақты ана.

Ұлдарының бірі Бейбіт Ауған соғысына қатысып, елге аман оралған. Бұл кезең ана жүрегіне оңай соқпағаны анық.

– Балам кеткенде қатты алаңдадым. Күні-түні тілек тіледім. Сағынып жүрдік. Елге аман келгеніне шүкір. Бірақ әкесін көре алмай қалды, – дейді әже. Бұл сөздер аналық жүректің тереңдігін аңғартады.

Бәтен әже тек көпбалалы ана ғана емес, алтын қолды шебер. Барлық балалары мен немере-жиендерінің жасауын өз қолымен дайындаған. Үйіндегі көрпе-көрпеше, құрақ көрпе, жастық тыстары – барлығы да әженің қолынан шыққан. Әрбір ою мен өрнекте ананың мейірімі мен маңдай тері жатыр.

– Тігуді тек өзім істеп қойған жоқпын, барлық қыздарыма да үйреттім. Қыз бала үйдің ұйытқысы болуы керек. Барлығын істің адамы қылып тәрбиеледім. Мені де кішкентайымнан анам еңбектің адамы қылып өсірді, – дейді ол. Бұл тәрбиенің бастауында өзінің анасы тұрғанын да ерекше ықыласпен еске алып.

Ұлдарын үйлендірген соң екі жыл қолында ұстап, кейін еншісін беріп, бөлек шығарған. Ал қыздарын ұзатарда «Ата-енені сыйлаңдар, сыйластық бірінші орында болсын» деп құлақтарына құйып өсірген. Бүгінде перзенттерінің барлығы тату-тәтті өмір сүріп, берекелі шаңырақ иесіне айналған.

Қазіргі таңда Қарағанды қаласында тұратын Бәтен әже шаһардың күннен-күнге көркейіп, дамып келе жатқанын қуанышпен айтады. Дегенмен, қоғамдағы кейбір мәселелерге алаңдаушылығын да жасырмайды.

– Қазір ажырасу көп. Оның себебі – сыйластықтың азаюы. Ата-ананы құрметтеу керек. Үлкенді сыйлаған жерде ғана береке болады, – дейді ол.

Бәтен әженің ғұмыры – тұтас бір дәуірдің айнасы. Тылдағы еңбек, көпбалалы ана атану, перзент тәрбиесі, ұлттық өнерді сақтау, бәрі де оның өмір жолында тоғысқан. Еңбекқорлық пен сабырды серік еткен асыл ананың өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі. Осындай аналардың ақ батасы барда елдің іргесі берік, ұрпақ тәрбиесі мығым болары сөзсіз.

Ералы ҒАНИ,

«QH»