Құрметті «Qaragandy Нabary» газетінің ұжымы!
Сіздерді Қарағанды қаласының ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар қалалық «Qaragandy Нabary» газетінің 5 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
2021 жылдың 4 наурызында алғашқы нөмірі жарық көрген сәттен бастап басылым қала тынысын дәл бейнелеп, оқырман сеніміне ие болып келеді. Алғашқы редакторы, журналист Ләззат Қожахметованың салиқалы бастамасы бүгінгі таңда лайықты жалғасын тауып отыр. Қазіргі редактор Құралай Көбенованың жетекшілігімен газет өз бағытын айқындап, мазмұндық тұрғыдан байып, кәсіби деңгейін арттыра түсті. Басылымның басты мақсаты – қазақ тілді ақпараттық кеңістікті сапалы контентпен толықтыру екені анық көрініп келеді. Қала халқының тыныс-тіршілігі, ассимиляция және урбандалу үдерістері, экология, мәдениет, руханият, экономика және әлеуметтік жағдай секілді өзекті мәселелердің тұрақты түрде көтерілуі – газет ұжымының жауапкершілігі мен кәсіби ұстанымының айғағы. Әсіресе, атқарушы билік пен қала тұрғындары арасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында диалог орнатудағы еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Газеттің ресми сайты арқылы жаңалықтарды жедел таратып, оқырманмен тығыз байланыс орнату – заман талабына сай қадам. Біз, Қарағанды қаласы №2 Оқушылар сарайының ұжымы, басылымды тұрақты оқырман ретінде әрдайым қолдап келеміз. Сіздердің еңбектеріңіз жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға зор үлес қосып отыр. Осы айтулы мерейтойда шығармашылық табыс, тың идеялар, қаламдарыңызға қуат, оқырман сенімі мен қолдауын тілеймін! Қаланың рухани өміріне серпін беретін мазмұнды мақалаларыңыз көбейе берсін!
Ізгі тілекпен,
Қарағанды қаласы
№2 Оқушылар сарайының директоры
Шариза Алтынбекова


