Құрметті Қарағандылықтар!

Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Осы жылдардың ішінде іргесі берік, шаңырағы биік, керегесі кең елге айнала алдық.

Тәуелсіздік алу әрбір мемлекет пен әрбір адам үшін маңызды, өйткені бұл болашақта үлкен жетістіктерге қол жеткізуге септігін тигізеді.

Аз уақыттың ішінде Қазақстанның әлеуметтікэкономикалық әлеуеті қарқынмен дамып, халықтың тұрмыстіршілігі айтарлықтай жақсарып, әлемнің маңдайалды мемлекеттері тәуелсіз Қазақстанмен тығыз әрі ынтымақты қарым-қатынас пен баянды байланыс қалыптастырып үлгерді. Егемен еліміздің дүние жүзі қауымдастығы алдында абыройы асқақ, беделі биік.

Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық деңгейде шексіз жауапкершілік жүгін артты. Біз осынау ұлы тағдырды қабыл алып, бірлігіміз бен еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өтіп келеміз. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, мәңгілік Ел болуға бет бұрды. Сондықтан Тәуелсіздік күні – баршамыз үшін, күллі қазақстандықтармен әлемдегі барлық достарымыз үшін ұлы мереке.

Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілейміз. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын! Мерейлі мереке құтты, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Е.БӨЛЕКПАЕВ,

Қарағанды қаласының әкімі,

Қ.БЕКСҰЛТАНОВ,

қалалық мәслихат хатшысы