Республика күніне арналған жоспар талқыланды

 25 қазан – Қазақстан Республикасының мерекесі қарсаңында Қарағанды облысының басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте облыста мерекені атап өтуге арналған іс-шаралар жоспары таныстырылды. Мереке аясында өткізілетін түрлі кездесулер мен салтанатты жиналыстардың қатарында Қарағандының ірі сауда орталықтарында арнайы жеңілдіктер ұйымдастыру да қарастырылған.

Облыс ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің мәлімдеуінше, Республика күніне арналған іс-шаралар жоспары аясында өңірде барлығы 350-ден астам шара өткізіледі. Оларға дөңгелек үстелдер мен семинарлар, концерттер мен фестивальдер, жәрмеңкелер мен акциялар, көрмелер мен челлендждер, экологиялық және қайырымдылық шаралары, жаңа нысандардың ашылуы және спорттық іс-шаралар кіреді. Барлығы «Republic Day» бренді аясында ұйымдастырылады.

— Республикалық «Туымыз төрімізде» акциясы аясында облыс аумағындағы барлық ғимараттарға Қазақстанның мемлекеттік туы ілінеді. Сонымен қатар Қарағандыдағы ірі сауда үйлерінде «Republic Day Sale» акциясы ұйымдастырылып, тұрғындарға тауарларды арнайы жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі беріледі. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де өз жұмысын бастап, 30 қазанға дейін облыстың барлық аумағында өтеді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға «Жанашыр жүрек» акциясы аясында бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ республикалық деңгейде «Қыран елім – Қазақстаным» атты патриоттық челлендж басталып, Республика күнінің маңыздылығы халыққа кеңінен түсіндірілуде, – дейді Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Республика күні қарсаңында Қарағанды облысында бірқатар әлеуметтік маңызы бар жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Кейбірі қазірдің өзінде жұмысын бастап та кеткен. Бұл – өңірдің инфрақұрылымдық дамуына серпін беретін игі бастамалардың бірі.

— 16 қазанда Шет ауданында ірімшік өнімдерін өндіретін жеке кәсіпорын өз жұмысын бастады, ал Бұқар жырау ауданында Теміртау қаласынан Ғ. Мустафин ауылына баратын жаңа көпір пайдалануға берілді. Одан кейін, 17 қазанда Шет ауданындағы Мойынты ауылында жабық футбол стадионы іске қосылды. 21 қазанда Нұра ауданының Қуланөтпес ауылында су құбыры желісі пайдалануға берілсе, Шет ауданындағы Көкпекті ауылында жаңа ветеринарлық пункт ашылады. 22 қазанда Абай ауданында екі жаңа медициналық пункт, Нұра ауданында тағы бір медициналық пункт ашылады, ал Бұқар жырау ауданында жаңа су құбыры жүйесі іске қосылады. 23 қазанда Шет ауданындағы Сәкен Сейфуллин жерінде жаңа заманауи мектеп ашылып, Нұра ауданында денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне жаңа пәтерлердің кілттері табысталады және бірқатар жаңа медициналық пункттер іске қосылады. Сонымен қатар, Шет пен Ақтоғай аудандарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер өз жұмысын бастайды. Ал 24 қазанда Бұқар жырау ауданының ауылдарында тағы да бірнеше фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады, деп толықтырды Нұрлан Бикенов.

  Республика күніне орай Қарағанды облысында мерекелік атмосфера қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Облыс аумағы түрлі безендіру элементтерімен көркейтіліп, 130 баннер, 14 LED-экран, 25 медиаборд және 460 мемлекеттік ту орнату жоспарланған.

— 23 қазанда облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында салтанатты жиналыстар өтеді, ал 24 қазанда Қарағанды қаласындағы С. Сейфуллин атындағы театрда облыстық деңгейдегі салтанатты жиын ұйымдастырылады. Ал мерекенің басты күні — 25 қазанда сағат 11:00-де облыстың барлық өңірінде мемлекеттік ту көтеру рәсімі өткізіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні бір уақытта шырқалады, –дейді Ішкі саясат басқармасының басшысы.

  24 қазанда өтетін облыстық салтанатты жиын тек ресми шаралармен ғана емес, мазмұнды мәдени бағдарламамен де ерекшеленбек. Бұл туралы Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы хабарлады. Концерттік бағдарламада Медет Осатаев пен Рысты Рахымжанның әндері шырқалып, «Аққу», «Сиқырлы ел», «Шолпан» би ұжымдары, «Ауен» ансамблі мен Музыкалық комедия академиялық театрының хоры өнер көрсетеді. Сонымен қатар сахна төріне Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрыспеков, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ербол Тәжібаев, Қазақстанның Құрметті қайраткері Ренат Гайсин, әнші Рухия Байдүкенова, Astana Opera театрының солистері Айгерім Бекетаева мен Ғалымжан Нұрмұхамет, сондай-ақ «Алашұлы» тобы шығады деп күтілуде.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»