Республика күні туралы не білеміз?
25 қазан – Республика күні. Мерекелер тізіміне енген бұл күн – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Ұзақ жылдар бойы ұмыт қалған Республика күні қалай қайта жаңғырды және бұл күні қазақстандықтар демала ма?
Республика күнінің тарихы
Республика күні – бұл еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам. Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын.
Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары ретінде мыналар белгіленді: біртұтас мемлекет, аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қол сұғылмаушылығы, қазақ халқының және Қазақстанның басқа да халықтарының өзіндік мәдениетін, дәстүрлерін, тілін жаңғырту және дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды.
Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ.
Қайта оралған мейрам
2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған «ұлттық мереке» мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Тоқаевтың бастамасы халықтың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгеріс енгізілді. Сөйтіп былтыр Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өтті.
«Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», – деді былтыр президент Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында.
Айта кетері, заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Республика сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына береді.
Республика күні демалыс па?
Қазақстанда ұлттық және мемлекеттік мереке күндері ресми түрде демалыс болып жарияланады. Егер мемлекеттік немесе ұлттық мереке демалыс күніне (сенбі, жексенбі) түссе, демалыс күндері бір күнге ұзартылады.
Биыл Республика күні жұмаға түсіп тұр, сол себепті, мерекеге орай қазақстандықтар биыл үш күн демалады.
Республика күні қалай тойланады?
Ұлттық мереке қарсаңында президент жарлығымен елдің дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан, белсенді қоғамдық қызметімен танымал азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталады. Мемлекеттік органдарда Республика күніне орай ресми мерекелік шаралар өтеді.
Сонымен қатар концерттік бағдарламалар, фестивальдер, флешмобтар ұйымдастырылады. Ұлттық спорт түрінен сайыстар мен түрлі жарыстар өткізіледі.