Рамазаннан Рамазанға дейінгі дүние
Беймәлім жағдайда беймағлұм ғұмыр кешкен «белгісіз» ақын, «беделсіз» бейне — Рахат Рамазанұлы Ысқақ құрдасымның қайтқанына қырық күн болыпты..
Осыдан отыз жыл бұрын Гоголь көшесіндегі ҚарМУдың корпусында түлектер емтиханының қабылдау сәтінде таныстық. Егіндібұлақ ауданының Айрық ауылынан. Денесінің ірілігіне қарап, бізден әжептәуір үлкен жігіт екен деп қалдым. Сұрастыра келсем, жылымыз да, айымыз да қарайлас құрдас боп шықтық. «Ырылдасып қалмайық, екеуіміздің де атымыз Рдан басталады екен», — дегем. Ол: «Мен Рамазаннан тудым, бауырларым да осы әріптен басталады», — деуші еді. Билетпен тапсыратын тоқсаныншы жылдардың сынағы біздің балды біршама төмендеткен сияқты. Сонда да тауымыз шағылмай, сырттай оқу бөліміне түстік.
Қазақстанның әр түкпірінен келген жігіттермен жақсы араластық. Екеуіміз бір аймақтың баласы болған соң, иықты, бойшаң Рахат кәдімгідей бізге қорған болды. Негізі, филология факультетінің шәкіртінен гөрі қыстақтан қысырақтың үйірін іздеп шыққан жылқышы сияқты еді, жарықтық. Сол еркіндікті ерлікке ұштастырмақ болды ма, бірінші курстан кейін әскерге кетті. Борышын өтейтін кез де аласапыран болатын. Одақ тарқап, әр ел өз әлінше күн көріп, сарбаздың кейбірі бір жарым жылының жартысын қашып- пысып өткізген болатын. Рахаттың әскерге кеткенін білдік, алайда оның солдат боп келгенін ешкім көрген жоқ. Жорналшы жерлес ағаның іздеген жазба- жариясының арқасында. Майқұдықтағы әскери госпитальдан табылды. Ол жайлы өзі тіс жарған жоқ, сол жұмбақ күйінде қалды…
Содан бері қызық- қуанышым мен көңілге кірбің түскенде қасымда болды. Қош, құрдас, жырмен өмір сүрген жампозым! Жан бөлек екен. Рамазанда сені еске түсіргендердің дұғасы қабыл болсын! Амал қанша…
Руслан Нұрбай, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі