Рұқсат етілмеген полигондар

Мемлекет басшысының рұқсат етілмеген қалдықтарды төгу орындарын жою туралы тапсырмасына орай 2018 жылдан бері «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісім аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қалдықтардың рұқсат етілмеген орындарын анықтау мақсатында ғарыштық мониторинг жүргізуде.

Қарағанды облысы бойынша экология департаменті облыстың қалалары мен аудандарының әкімдіктерімен бірлесе отырып бұл жұмысқа белсенді атсалысуда. Профилактикалық жұмыстарға қарамастан, рұқсат етілмеген полигондар қайта пайда болады.

Олар ғарыштық мониторинг арқылы анықталады. Көбінесе экологиялық заңнаманы бұзушыларды анықтау мүмкін емес. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар қоқысты полигондарға шығаруға мәжбүр. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, 2020 жылы облыс көлемінде 1300-ге жуық заңсыз полигон болған. 2023 жылы олардың саны екі есе кеміді (739).

Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов Қазыбек би және Ә.Бөкейхан аудандары әкімдіктерінің өкілдерімен қалада рейд жүргізді. Қоқысты рұқсатсыз жинау фактілері тіпті мемлекеттік орман қорының аумағында да бар.

– Біз аудан әкімдіктерімен бірлесіп Қарағандыда аумақтарды тазарту шараларын өткіземіз. Қалдықтарды қайда тастауға болатынын және онымен кім айналысатынын түсіндіру жұмыстарына қарамастан, кей тұрғын талаптарды елемейді, қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастайды, – деп атап өтті Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов. – Біз өңірде осындай рейдтер бастадық, олар ауа райы суығанға дейін күн сайын жалғасады.

Рейдтердің негізгі мақсаты – экологиялық білім беруді насихаттау, халықтың назарын қоршаған ортаның ластану проблемасына аудару. Оларға аудан әкімдіктерінің мамандары да қатысады.

– Біз күн сайын аудан тұрғындары шағым түсірген орындарға шығамыз. Полигондарды анықтаймыз. Егер олар рұқсатсыз деп табылса, ол жер мемлекеттік немесе жекеменшікте екенін анықтау керек. Егер жекеменшікте болса, оны тазалауды ұсынамыз, полиция арқылы ескерту жасаймыз. Егер жекеменшік иелері шара қолданбаса, айыппұл жазылады. Қазіргі уақытта мердігерлік ұйымдар стихиялық қоқыстарды жою жұмыстарын жүргізуде, – дейді Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің Тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Жалғас Жұмабеков.

Экология департаментінің басшысы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл туралы айтып, облыс тұрғындарынан қоршаған ортаға ұқыпты қарауды сұрады.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын бұзу, қаланың және елді мекендердің жасыл желектерін жою және зақымдау» жөніндегі 505-бабы негізінде жеке тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 30 АЕК, орта кәсіпкерлікке 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК айыппұл салынады немесе ескерту жасалады.

– Біздің облыс тұрғындары қоршаған ортаға ұқыпты қарағанын қалаймын. Өйткені рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыс уақыт өте келе үлкен полигондарға айналады. Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті насихаттау және қоршаған ортаның ластану мәселесіне халық назарын аудару үшін қалдықтарды одан әрі өңдеу мақсатында бөлек жинау қажеттілігін түсіндіру. Яғни бұл шараның нәтижесі жекелеген аумақтарды тазартумен қатар тұрғындар арасында қалдықтарды өңдеу мәдениетін насихаттауға бағытталған. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып қала тұрғындарын шараға белсене қатысуға, қоршаған ортаға қамқорлық танытуға шақырамын! – деді Дархан Исжанов.

Экология департаментінің мәліметінше, өткізілген сенбіліктер аясында қазірдің өзінде 25 мың тоннадан астам қалдық жиналып, тиісті полигондарға шығарылған.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»