Әр оныншы лифт – қауіпті: бақылауды ТЖМ-ге қайтару ұсынылды
Қазақстандағы көпқабатты үйлердегі лифтердің жағдайы жылдан-жылға нашарлап барады. Сенатор Бекбол Орынбасаров Парламентте мәселені көтеріп, лифтерге мемлекеттік бақылау жүргізу функциясын әкімдіктерден қайтадан Төтенше жағдайлар министрлігіне (ТЖМ) қайтаруды ұсынды. Оның айтуынша, елдегі лифтер паркінің тозуы қауіпті деңгейге жеткен.
Сенатордың дерегінше, лифтінің нормативтік пайдалану мерзімі – 25 жыл. Бүгінде 4 мыңнан астам лифт шұғыл ауыстыруды қажет етеді, ал шамамен 7 мың лифт толық ресурсын тауысқан. «Демек, әр оныншы лифт – әлеуетті қауіп», – дейді ол.
Орынбасаров бұл саладағы бақылау функциясы ТЖМ-ден әкімдіктерге берілгеннен кейін мәселе ушыға бастағанын айтты. Әкімдіктерде бұл міндет қосымша шаруаның арасында қалып, жүйелі қадағалау әлсіреген. Ал 2014 жылы лицензиялаудың жойылуы лифт қызметі нарығын біліксіз компанияларға толтырып жіберген.
Қарағанды тұрғындары да жағдайдың күрделенгенін растайды. Көпқабатты үйлердің тұрғындары 40 жыл бұрын орнатылған лифтер әбден ескіріп, техникалық талаптарға сай келмейтінін айтады. Техникалық регламент бойынша, лифт 25 жылдан артық пайдаланылмауы тиіс. Биыл ақпанда мерзімі өткен лифтерді ажырату процесі басталған.
Лифттерді ауыстыру «Модернизация» бағдарламасы арқылы несиеге ұсынылғанымен, сұраныс күрт өсіп, кезек бірнеше жылға ұзарған. Бірнеше лифт компаниялары несие алып, орнату жұмыстарын бастаған. Алайда оларға берілетін республикалық қаржы күтпеген жерден тоқтатылып, жұмыстар бөгеліп, компаниялар банкрот болу алдында тұрғанын мәлімдеді.
Лифт компаниялары Қытай, Ресей және Беларусьтен жабдық жеткізеді. Бірақ соңғы уақытта отандық өндірісті міндетті түрде таңдауды көздейтін талаптар күшейген. Компаниялар мұндай өнімдердің тек жартысы ғана Қазақстанда құрастырылатынын, толық өндірістік цикл жоқ екенін айтады. Осы себепті лифт ауыстыру жұмыстары тағы да баяулаған.
Қарағанды тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, қаладағы 1 233 лифттің 701-і нормативтік мерзімінен асқан, 80-нен астамы мүлде істен шыққан. Жаңа жылдан бастап лифтерді жаппай тоқтату мүмкіндігі бар.
Сенатор Бекбол Орынбасаров ескірген лифтерді толық ауыстыруға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама енгізуді де ұсынды. Оның айтуынша, лифт қауіпсіздігі – тұрғындардың өміріне тікелей әсер ететін стратегиялық мәселе және жедел шешімді талап етеді.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

