Әр гүлдің қауыз жаратын өз уақыты бар
Қарағандылық көп балалы ана Алтын Каникар қазақстандық 150 әйелге бизнес ашудың қыр-сырын үйрететіп жатыр. Ақылы курс тоғыз айға шақталған. Осы уақыт аралығында көп балалы аналар психологиялық кедергілерді жеңуді игереді. Мамандардың дәрісімен бизнес жоспар жасап, қайтарымсыз гранттар алуды, шағын несие ресімдеуді үйренеді.
Курстың бағасы 250 мың теңге. Алтын бизнесті жүргізу жолдарын ғана үйретпейді. Өмірдегі түрлі қиындықтардан шығуды, өз күшіңе сенуді, өзіңді жеңуді үйретеді.
«Бұрын мен қазақ әйелдерін бизнеске психологиялық тұрғыдан дайындайтынмын. Енді «Каникар клубымда» ой санасы таза, өмірге құлшынған аналарға мемлекеттік кәсіпкерлік құралдарды қалай қолдануды үйретемін. Назым Алибиева атты спикерім аналарға кәсіпкерлікті ашу жолдары мен әдістемесін нақты практика арқылы үйретеді»,-дейді Алтын.
«Каникар клубқа» Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Қарағанды, Шымкент қалаларынан 150 әйел тіркелді. 7 ақпан күні Қарағандыда, 21 ақпан күні елордада ашылуын жасап келді. Каарантин талаптарына орай, елу адамды ғана шақырып тұсаукесерін өткізді.
«Мен мемлекеттік қызметте бірнеше жылдар жұмыс істедім. Басшы да болдым. Кейін той-бизнеске біржола кеттім. Мен той-бизнеске келгенде қазақтың салт-дәстүрлерін ұлықтайтын, қыз ұзату, келін түсіру, баланы сүндетке отырғызу секілді дәстүрлерді ел алдында көрсетіп, орындайтын ниша Қарағандыда бос тұрды. Мен қасыма биші, әнші қыз-жігіттерді жинап, тойларда ежелгі ата-баба жолын насихаттайтын сахналық көріністер орындап, жүргізуге кірісіп кеттім. Менің бұл қызметім сұранысқа ие болды. Қала қазақтарына қызын ұзатарда қазақтың ұлттық дәстүрімен шығарып салу, балалары шаңырақ көтергенде ата дәстүрін ұлықтау ұнады. Осы қызметім арқылы материалдық жағдайымды да жақсарттым»,-дейді Алтын.
Дегенмен бүкіләлемдік пандемия қандай бизнеске болсын өзгерістер енгізді, жоспарларды тас талқан қып бұзды. Дүрілдеп тұрған тойлар тыйылды. Бірақ Алтын мойыған жоқ. Ол бизнестің басқа түрін меңгерді. Осылайша «Каникар клуб» жобасы дүниеге келді. Енді Алтын — тойдың ғана сәні емес, бизнес ашуға құмартқан әйелдердің көшбасшысы.
«Курстың тоғыз айға созылуының өзі тегін емес. Бала дүниеге келерде жаратқан тоғыз ай күттіреді. Кез келген жоба да осылай аса ұқыптылықты, дайындықты қажет етеді»,-дейді Алтын.
Алтын «Каникар клубқа» үлкен тәжірибемен келді. Осыған дейін бизнес тренингтер жүргізіп мыңдаған қазақ әйеліне шабыт сыйлады. Отызға жуық әйел Алтынның дәрістерінен кейін өз бизнесін ашып, менеджмент негіздерін үйренді. Кәсібін дөңлелетіп әкетті. Алтынның идеясынан қуат алған көп балалы аналар өздері марафон жүргізіп, бизнестерін саудаға шығарып, курстар ашып, ақша табуда.
Алтын Каникардың есімі «Наурызша» деген ұғыммен егіз. Көгілдір көктем қарға бөккен қалаға енді еніп жатқанда Алтын Каникар Қарағандыдағы зиялы қауымның басын қосып, дүркіретіп «Nauryzsha» жасайтын.
«Наурыз айында жауатын соңғы қарды «наурызша» дейді. Қыстың соңғы демі сол қармен бірге шығып кетеді екен. Қыстың ауыртпалығы бір күнгідей болмай еріп кететін сол мезетті мен де ырымдап, ән мен күйге бөленген дастархан жайып, қарағандылық элитаның басын қосатынмын. Қарағандыда наурыз мейрамы өз деңгейінде атала бермейді. Соған налыған соң туған жоба. Үш жыл қатарынан өткіздім. Айтыстар ұйымдастырдым. Қомақты сыйлықтарды ұтысқа қойдым. Бірінші жылы айфон 10 маркалы телефонды, екінші жылы айфон 11 телефонын, үшінші жылы жылқыны ұтысқа тіктім. Алғаш рет өткізгенде 250 адам, екіншісінде 340, үшіншісінде 437 адам қонақ болды. Қарағандының төріндегі танымал мейрамханада өткен мерекелік кештерге қонақтар ақылы билетпен кірді. Ал пандемияға байланысты биыл өткізбеймін»,-дейді Алтын.
Алтын үнемі ізденіс үстінде. Жақында авторлық күнделік жазып шығарды. Күнделік кез-келген қарапайым әйелдің жан серігі. Күнделігінде Алтын ұйқысыз өткен түндер мен бел жазбай жүгірген еңбегінің, жеткен жетістігінің қыр-сырын ашады. Дүниеге сәби әкеле жүріп, қол қусырып отырмауды, отағасы мен балаларының мақтанышына айналған тұлға болып қалыптасудың құпиясымен бөліседі. Кез-келген жетістік арнайы жоспарды, тынымсыз еңбекті, ұйымдастырушылықты талап етеді. Алтынның жанында оған әрдайым демеу беретін отағасы мен қыздары, барлық жобасын тік көтеріп қолдайтын командасы бар. Бұл ұжымдық еңбек дейді Алтын.
Алтын бүгінде «Жат жұрттық» атты кітап жазып жатыр. Ол қалалық қыздар мен келіндерге арналады. Кітапта табақ тарту, жеті ата, нағашы-жиен, қайын ене мен келіннің арасындағы иба, баланы тәрбиелеу, бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату, беташар жасауда ескеруге тиісті дүниелерді жазып шықпақ.
Келешекте «Shukirtoday» атты ютуб канал ашпақ. Онда бизнесте жетістікке жеткен әйелдер өз тәжірибелерімен бөліседі. Әзірге бұл жобаның сұлбасы ойда.
Алтынның есімі қарағандылықтарға жақсы таныс. Оған кәсіпкерлер өнімдерін жарнамалап беруге жиі өтініш жасайды. Тігін компанияларының сән үлгілерін жарнамалайтын фотосессияларда танымал модель. Өзінің брендік киім үлгілерін шығару да ойында бар. Алтын мен серіктестері ұсынған киімдер күнделікті тұрмысқа лайықталып, қазақы нақыш қосылып тігілген киімдер болады.
«Әр гүлдің қауыз жаратын өз уақыты бар» дейді Алтын. Бастысы үміт үзбеу керек.
Алтын қарағандылық нарықты меңгерді. Енді ол Нұр-Сұлтан қаласын меңгеруді армандайды. Оған алғашқы қадам жасалды.
Ләззат Қожахметова