«Әр бала мектепке баруға лайықты»

«Болашақ» корпоративтік қоры мен Облыстық білім басқармасы 2022-2023 оқу жылына «Әр бала мектепке баруға лайықты» инклюзивті білім беру әлеуметтік жобасына қатысуға өтінім қабылдамақ.

Кеншілер шаһарының №48 және №82 мектептерінде, сондай-ақ №33 мектеп-балабақша кешенінде 1-4 сыныптарда оқу үшін аутизм және дамуында басқа да ерекшелігі бар балалардың ата-аналарынан өтінім қабылданады.

«Болашақ» қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру моделін әзірлеуге және Қазақстанның жалпы білім беретін мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдарына енгізуге бағытталған.

Жобаға аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар 7 мен 11 жас аралығындағы балалар қатысады. Жобаға қатысу үшін www.bolashakcharity.kz сайтында сауалнама-өтінім толтыру керек.

Сауалнамада баланың диагнозына, білім деңгейіне, дағдыларына және вербалды коммуникацияға қатысты сұрақтар бар. Баланың оқуға және әлеуметтенуге қабілетін бағалау мақсатында сауалнамаға баланың мінез-құлқы туралы бейнематериалдарды қоса жіберу қажет.

Өтінім 15 тамызға дейін bolashakcharity.kz сайтында қабылданады.

Жобаға қатысу тегін. Бұл – қайырымдылық жоба. Жыл сайын өткізілетін Қысқы қайырымдылық балында жинайтын қаражатқа және жергілікті атқарушы органдарының қаражатына жүзеге асырылады.

«Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасының серіктесі – «Amanat» партиясы, «Кедергісіз келешек» жобасының «Инклюзивті білім беруді дамытуға қолдау көрсету» бағыты шегінде.

Толық ақпарат алу үшін 8 (7172) 500-618 нөміріне қоңырау шалуға болады.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА

«QH»