Профессор Әбілдә Әлімбаевтың 90 жылдық мерейтойы

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбілдә Әлімбаевтың 90 жылдық мерейтойына орай ғылыми-танымдық жиын ұйымдастырылды. Шараға Қазақстанның түрлі өңірінен келген ғалымдар мен әріптестері қатысып, мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді. Жиын барысында профессордың ғылым саласындағы ұзақ жылғы еңбегі, отандық экономиканың дамуына қосқан үлесі кеңінен айтылып, оның ғылыми мектебі мен шәкірттері туралы баяндамалар жасалды. Мерекелік шара құрмет пен тағылымға толы атмосферада өтті.

Шара барысында Әбілдә Әлімбаевтың еңбек жолы таныстырылды. Ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан орасан үлесі туралы бейнефильм қатысушылар назарына ұсынылды. Жиынға келген әріптестері, шәкірттері және ғалым қауымы мерейтой иесіне жылы лебізін айтып, құрмет көрсетті.

– Белгілі ғалым және ұстазымыз Ә.Әмірханұлына мерейтойында тек қана болашақта үлкен табыстар тілеймін. Ол ғылымда өз орнын одан әрі нығайтып, көптеген жаңа ғылыми ізденістердің авторы болсын, – деді экономика ғылымдарының докторы Аяпберген Таубаев.

Профессор Ә.Әлімбаев – Қазақстанның көрнекті экономисі, экономика ғылымдарының докторы. Ол 270-тен астам ғылыми еңбектің және 8 монографияның авторы. Сондай-ақ 60-тан астам ғылым докторы мен кандидатын даярлаған. Қазіргі уақытта оның шәкірттері еліміздің экономикалық дамуына белсенді үлес қосып келеді.

– Бұл менің ұстазым Әбілдә Әмірханұлының 90 жасқа толуына арналған мерейтойы. Ол кісіге ұзақ өмір, шығармашылық табыс тілеймін, әлі де біз сияқты шәкірттерді тәрбиелей берсін. Сондай-ақ еліміздің көркеюіне және экономикасының дамуына өз үлесін қосуын тілеймін, – дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры Саян Шакеев.

Әбілдә Әлімбаевтың ғылыми мектебі елдің индустриялық және инновациялық дамуын зерттеуде методологиялық және теориялық мәселелерге маңызды үлес қосып, өшпес із қалдырды.

 

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»