Президент жолдауы – ел дамуының жаңа белесі

Таяуда ғана бүкіл ел болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауын тыңдадық. Қай салада еңбек етсек те – саясатта жүрсек те, қоғамдық жұмыспен айналыссақ та немесе кәсіпкер болсақ та, біз бұл Жолдауды күтеміз. Өйткені осы құжат негізінде алдағы өмірімізді жоспарлаймыз.

Жолдауда ерекше мән берілген бағыттың бірі – жасанды интеллект пен цифрландыру. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі. Қазір жастарымыз осы салаға айрықша қызығушылық танытып отыр. Егер біз олардың білімін нығайтуға мүмкіндік берсек, ертең еліміздің технологиялық дамуына зор үлес қосады. Осы орайда Президент ұсынған «Alatau City» жобасы – инновациялық идеялар мен ғылыми зерттеулерді тоғыстыратын үлкен бастама. Заманауи технологиялар мен электронды ақшаның қолданылатын қаласы еліміздің халықаралық беделін арттырары сөзсіз.

Тағы бір маңызды мәселе – саяси реформалар. Президент бір палаталы Парламентке көшу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл бастама қоғамда кеңінен талқыланып, түрлі алаңда сарапшылардың, белсенділердің пікірін тудырады деп ойлаймын. Соңғы шешімді халық референдумда қабылдайды. Бұл да ел дамуының жаңа кезеңі болмақ.

Сонымен қатар әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясатпен айналысатын маман ретінде бір қуанышты жаңалықты атап өткім келеді. Жолдауда демографиялық процестерді зерттейтін арнайы комитет құрылады деп айтылды. Бұл – еліміз үшін аса қажет қадам. Себебі демографиялық үрдістер әлеуметтік саясатпен тығыз байланысты: жаңа мектептер, балабақшалар мен ауруханалардың саны, тұрғын үй құрылысы – бәрі осы зерттеулерге негізделеді. Президенттің бұл бастамасы ғалымдарға, демографтарға, социологтарға тың серпін беріп, елдің болашағын дұрыс жоспарлауға жол ашады деп сенемін.

Айжан ҚИЯСОВА,

Қарағанды облысы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі