Президент жарлығы: әкімдер халықпен жиі кездеседі

Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесіп тұруы қажет. Атқамінерлер тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуге ден қоюы тиіс. Айтылған сөз жерде қалмай, нақты мерзімі белгіленеді. Бұл туралы Президент тиісті жарлыққа қол қойды. Халық талап етсе, әкімдер азаматтармен күнтізбеден тыс бетпе-бет диалогке дайын болуы керек. Облыс әкімдері жарты жылда бір рет әр аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда кемі бір көшпелі жиын өткізеді. Республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімі қаланың әр ауданында тоқсан сайын тұрғындармен кездеседі. Аудан әкімдері әр ауыл мен кентте тоқсан сайын халыққа есеп беріп отыруы тиіс.

Осы орайда Қарағанды облысында әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерінің жылдық күнтізбесі әзірленеді. «Біздің облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдер жылына 1 660 кездесу өткізеді. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасарлары өңірлерге кем дегенде жарты жылда бір рет баратын болады», — деді Жеңіс Қасымбек. Ол сондай-ақ әкімдердің бір елді мекенге бірнеше рет барумен кездесулерді қайталай бермеуін ескертті. Әрбір кездесуден кейін проблемалық мәселелерді шешу жөнінде шаралар жоспары әзірленуі тиіс екенін тапсырды.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»