Президент ұсынған тарихи реформа
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің саяси жүйесін жетілдіру мақсатында бір палаталы Парламент құру бастамасын ұсынды. Мемлекет басшысы бұл реформаның маңыздылығын ерекше атап өтіп, оны асығыстықпен қабылдауға болмайтынын жеткізді. Сондықтан мұндай ауқымды өзгерісті жан-жақты талқылау үшін бір жыл уақыт бөлу қажеттігін айтты. Бұл бастама Қазақстанның саяси құрылымын түбегейлі өзгертетін тарихи қадам болуы мүмкін.
Мемлекет басшысы парламенттік реформаның тек халықтың келісімімен жүзеге асатынын ерекше айтты. Бұл өзгерістер заң қабылдау процесін жылдамдатып, шешім қабылдау тиімділігін арттырады деп күтілуде. Сонымен қатар, депутаттардың халыққа жақындығы мен жауапкершілігі күшейіп, саяси жүйе ықшам әрі түсінікті болмақ. Егер реформа қолдау тапса, жаңа парламент партиялық тізім бойынша сайланады. Қазіргі Мәжіліс өз қызметін мерзімі аяқталғанша жалғастыра береді, ал Сенаттың болашағы референдум нәтижесіне байланысты шешілмек. 2027 жылы осы мәселеге қатысты жалпыұлттық референдум өткізу жоспарлануда.
— Қазақстанымыздың дамуы үшін менің ойымша, Сенаттың тарауы қажет. Елде бір палаталы Парламент болуы керек, әрі оның партиялар арқылы құрылуын қолдаймын. Депутат болғысы келетін, еліміздің жоғарғы заң шығару органында қызмет етуді қалайтын азамат ортақ ұжыммен бірге тиімді жұмыс істей білуі тиіс. Ортамен бірлесіп жұмыс жасау дегеніміз — партиямен ынтымақтастықта болып, бір-бірін тыңдап, түсініп, ортақ шешім қабылдау процесі. Сондықтан менің пікірімше, бір палаталы Мәжіліс болуы қажет, ал Мәжіліске бару үшін адам партия мен қоғам арқылы бірлесіп қызмет етуі маңызды, -дейді «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының төрайымы Майра Абдрахманова.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»