Президент «Өркен» мектеп интернатына барды
Президент заманауи құралдармен жабдықталған «Өркен-медиа», өлкетану, домбыра және арт-студия кабинеттерін аралап көріп, педагогтармен және оқушылармен әңгімелесті.
– Ғылым, білім деген өте маңызды. «Білімді мыңды жығады» деген даналық сөз бар. Білім – қазіргі аумалы-төкпелі заманда ең күшті, ең тиімді құрал. Білімді болсаң, барлық қиындықтарды еңсересің. Міндетті түрде. Сондықтан біздің мемлекетіміздің үлгілі, лайықты, абыройлы азаматтары болыңдар. Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда, – деді мемлекет басшысы.
«Өркен» мектепинтернатының оқушылары өлкетану кабинетінде Ұлытау өңірі мен Сарыарқаның тарихы, қасиетті орындары туралы оқиды. Қасым-Жомарт Тоқаев туған өлкенің және қазақ халқының тарихын білудің маңызды екенін атап өтті.
900 орындық қазақ тілінде оқытатын оқу ордасы 2020 жылы салынған. Мектеп-интернатта жаратылыстану және математикалық бағыт бойынша кәсіби бағдарға негізделген салалық білім беру бағдарламалары оқытылады.
Білім беру модельдерін жүзеге асыру үшін Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетімен және Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музеймен ынтымақтастық орнатылған.
Оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін 4 спорт секциясы мен 6 үйірме ашылған.
Мектепті аралап көру барысында Мемлекет басшысына Қарағанды облысында сапалы білім беруді қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндалды.
Өңірдегі 499 мектепте 206 мыңға жуық оқушы білім алады. Оның ішінде 21318 бала бірінші сынып оқушылары. Мектептердегі орын тапшылығына қатысты мәселені шешу үшін 2022- 2025 жылдары 16 мектеп, оның ішінде үшеуі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік есебінен, сондайақ бір жеке мектеп салу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары туралы мәлімет берілді. Биыл өңірде 166 мектеп жөндеуден өткен және 2025 жылға дейін 299 мектеп жаңғыртылады деп жоспарланған.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарағанды облысының барлық білім беру нысандарында дабыл түймешелері мен хабар беру жүйелері орнатылған. 300-ден астам бала оқитын мектептерде арнайы күзет қызметі жұмыс істейді және турникеттер қойылған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі