Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен кеңес өтті

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов аз қамтылған отбасылардың балаларын мектеп формасымен және керек-жарақтармен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде селекторлық кеңес өткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов оқу жылының басталуы қарсаңында мектеп формасы мен керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларды қолдауға байланысты проблемалық мәселелерді бақылауға алуды тапсырған болатын.

Вице-премьер мектеп тауарлары бағасының алып-сату салдарынан өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы уәкілетті органдардың есептерін тыңдады. Сондай-ақ кеңесте Жалпы білім беру қорының қаражаты есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға материалдық көмек көрсету бойынша Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты ұсынылды.

Жыл сайын жалпыға бірдей міндетті орта білім беру бағдарламасы (Жалпы білім беру қоры) аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетіледі. Жекелеген санаттағы білім алушыларға көмек көрсетуге бөлінетін қаржы киім, аяқ киім, оқулықтар, оқу құралдарын, мектеп керек-жарақтарын сатып алу, тамақтандыруды ұйымдастыру, қаржылық көмек көрсетуге бағытталады.