Порталдағы бағаға бас қатырғандар

Мүгедектер әлеуметтік қызметтер порталындағы техниканың қымбаттағанына қапалы. Көру кемістігі бар немесе есту қабілеті төмен жандарға арналған ноутбуктар мен телефондардың құны кейде дүкендердегі ұқсас тауарлардан бірнеше есе қымбат тұрады. Бұл шығындарды мемлекет өтесе де, мүмкіндігі шектеулі жандар мұқтаждықпен алар техника таңдағанда қалтасынан теңге қосуына тура келеді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мұрындық болуымен Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс жасауда. Бұл жоба мүгедектер құқығын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде қолға алынған. Бүгінгі күні мүгедектігі бар адамдар портал арқылы техникалық оңалту құралдарына, мемлекеттік мекемелердің арнаулы әлеуметтік қызметтеріне тапсырыс бере алады. Таңдау жасап, тапсырыс беру арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға оңалту құралдары, протездік- ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ креслоарбалар беріледі. Бұл порталдың қолайлылығы — сол: мұқтаж жандарға тең қолжетімділік қарастырылған. Үйден шықпай-ақ «бір терезе» арқылы уақытылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерін сұраса болады.

Бұл адал бәсекелестікті арттырып, әлеуетті өнім берушілер қызметінің ашықтығын қамту үшін ойластырылған. Қорыта айтқанда, портал пәрменді. Алайда сол портал арқылы бес жылда бір берілер қажетті техникаларды алған мүгедек жандардың көңілі тоқ емес. Портал тұтынушыларының бірқатары өздеріне тағайындалған тауарлар бағасының сауда үйлеріндегі бағадан артық екенін аңғарған. Солардың бірі — көз жанарының нашарлығы бойынша I топ мүгедектігін алған Меруерт Әбдірахманова.

Жеке оңалту бағдарламасында оған дауысты ұялы телефон тағайындалды. Бірақ техника дүкендерінде бұл тауар 115 мың теңге болса, әлеуметтік қызметтер порталында оның құны 140 мың теңге деп көрсетіледі. Ал мемлекеттен мұндай ұялы телефон үшін мүгедек жанға ұсынылған қаржы 73 мың теңге. Сондықтанда тағы 60 мың теңгені өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болған.

Егер сіз телефонды портал бізге беретін бағамен таңдасаңыз, оның құны 73 мың теңге болуы тиіс. Ондай бағадағы телефондардың техникалық деректері өте төмен. Қолдану өте қолайсыз, жадылық сақтау сыйымдылығы аз. Егер дүкенде жақсы ноутбукты 350 мың теңгеге сатып алуға болатын болса, онда порталдағы бағасы 700 мыңнан асады.

Портал тұтынушылары тарапынан айтылған бұл наразылыққа тауар жеткізуші компания өкілдері өз уәждерін келтірді. Олардың айтуынша, мемлекет қоятын кепілдендірілген сома бар. Сатылым осы шектік бағалармен іске асырылады. Бекітілген баға барлық жеткізушіде бірдей. Қарапайым кәдімгі дүкенде ноутбук, ұялы телефондардың құр өзін ғана сатады екен. Мұнда компьютерлерде бағдарламалар пакеті орнатылған, кеңсе бағдарламаларының пакеті сатылып алынады. Windows, Microsoft — бәрі толығымен бар.

А л қоғам белсенділері мұны мүгедектерді қанау және жеткізушілердің мүдделерін қолдау деп санайды. Олардың пайымдауынша, портал арқылы болса да қызмет көрсетушілердің ұсынымы тиімсіз. Одан да ноутбук бағасы болып бекітілген сол 850 мың теңгені қолма-қол берген тиімді. Онда мүгедек жан өзінің мұқтаждығына қарай тұрмыстық тауар сататын кез келген сауда үйінен 200–300 мың теңгеге ғана ноутбук сатып алар еді. 550 мың теңге бюджеттің өзінде қалар еді.

Мүгедектер қызметтерді монетизациялауды көптен бері сұрап келеді, бірақ шенеуніктер қызмет алушылар ақшаны техникаға жұмсамайды деп күдіктенуде. Мұқтаж жандар мемлекеттен соманы тек ноутбук пен телефонға жұмсау үшін арнайы карта аштырып, ақшаны сонда салсын деген ұсыныс та білдірді. Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Бибігүл Иманғалиева: «Монетизация қарастырылмайды. Бұрын мұндай шаруалар шамамен 6–8 айға созылған рәсіммен қамтамасыз етіліп, мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізілді. Қазіргі уақытта әлеуметтік қызметтер порталы қысқа уақыт кезеңінде көрсетілетін қызмет алушыларды, мүгедек адамдарды барлық қажетті оңалту техникалық құралдары және арнайы жүріп-тұру құралдарымен және көрсетілетін қызметті алушының өзіне таңдау құқығын қалдырып, қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — дейді.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

«QH»