Польша төріндегі доп додасы
Польшаның Торунь қаласында ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған халықаралық Seni Cup – 2025 футбол турнирі өтті. Бұл додада Қазақстан атынан сынға түскен Қарағанды облысындағы №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының «Arlan Karaganda» командасы үздік бестікке еніп, ел намысын абыроймен қорғады.
Жыл сайын өтетін бұл турнирге биыл сегіз елден келген 30 команда қатысты. Олардың қатарында Польша, Германия, Чехия, Венгрия, Литва, Латвия, Эстония және Қазақстан бар. Біздің елдің намысын қорғаған «Arlan Karaganda» құрамасы Қарағандыдағы әлеуметтік мекемеде тәрбиеленіп жатқан жігіттерден құралған.
Орталық директоры Аслан Мекентайдың айтуынша, команда бір күнде жасақтала салмаған. Олар бұған дейін де халықаралық деңгейде тәжірибе жинап үлгерген.
– Балалар ұзақ уақыттан бері жаттығып келеді. Польшаға жолдама алу үшін Астана мен Алматыда өткен іріктеулерден сүрінбей өтті. Бұл – олар үшін алғашқы шетелдік жарыс емес. Былтыр дәл осы турнирде екінші орын алған едік, – дейді ол.
Турнирдің деңгейі биыл тіптен жоғары болды. Қатысушылардың дайындығы мықты, бәсеке қызу өтті. Алғашқы кезеңнен-ақ командаларға финалға өту үшін үздік он екілікке ену міндеті қойылды. Осы сыннан сүрінбей өткен қарағандылық ұжым соңында бесінші орыннан көрінді.
Жарыс соңында қатысушылар түрлі сыйлықтар мен марапаттарға ие болды. Бірақ ең құндысы – жаңа ел, жаңа таныстықтар мен ерекше тәжірибе.
– Бұл сапар балалар үшін көп нәрсені өзгертті. Олар өз күшіне сенуді, әлемге ашық болуды үйренді. Егер футбол болмағанда, мұндай мүмкіндік болмас еді, – деп қорытындылады Аслан Мекентай.
Ералы ҒАНИ,
«QH»