Педофилдің портреті

Қарағанды облысында темір тордың ар жағында балаларға зорлықзомбылық жасаған 200 адам жазасын өтеуде. Жеткіншектерге мәжбүрлі жыныстық зорлық жасау  көбіне сәуір, мамыр айларында артады  екен. Көрсеткіштің аз тіркелетін айы ақпан. Бала өміріне өшпес дақ салатындардың  көбісінде өз балалары бар, 75% бұрын сотталмаған. Орта жастары 32, 35 жас. Ең жас сотталушы 17 жаста, ең егдесі 59-де екен. Негізінен педофилдардың көбісі толық отбасында тәрбиеленген, біреудің жалғызы.

Қарағанды облысында Қылмыстық-атқару жүйесінің психологтары педофилдердің ортақ психологиялық портретін жасады. Мамандар олардың мінез- құлықтарындағы жалпы  ұқсастықтарды анықтады.

Қазақстанда педофилдік қылмыс өршіп тұр. Былтырғы жылы Сәтбаев қаласында бес жасар бүлдіршін қыздың зорлануы  дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Күдікті ұсталса да, айуандыққа ашынған халық дүр көтерілді. Жария түрде жазалансын деген талап қойды. Тұрғындарды тыныштандыруға арнайы жасақ жұмылдырылды. Бұл қоғамның бітеу жарасының бетін ашқандай болды. Сот жүйесінен халық жаңашылдықты  күтті. Ал биылғы қаңтар айының соңында Қарағандыда естіген жұрттың жағасын ұстатқан  сұмдық қауесет тарады. Онда ауыл имамының қаршадай оқушы қызды зорлағаны  айтылды. Артынша желдей ескен жағымсыз бұл хабарды құзырлы органда растады. ҚР Қылмыстық кодексі  120-бабы  4-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Психологтар кәмелеттік жасқа толмағандарға  нәпсіқұмарлық пиғылмен  зорлық көрсеткен әрбір сотталушымен сұхбаттасып, олардың әрқайсына  мінездік тест жұмыстарын жүргізді. Олардағы психологиялық ауытқудың кілтипаны қайда екенін айғақтау үшін, қылмыстық істегі жеке деректерімен толық танысқан.

АК-159\7 Еңбекпен түзеу мекемесі бастығының орынбасары  Андрей Терещенконың   айтуынша жазасын өтеушілердің ортақ портретін жасауда олардың білімі, әлеуметтік статусы, отбасылық жағдайы, жанұя мүшелерімен байланысы, жас деңгейі, өмірге деген көзқарастары психолог мамандардың көмегімен   зерттелген.

 Арнайы мамандардың  дәрігерлік  зерттеуінен өткен педофилдердің  бәріне ортақ бір қасиет, оларда бала күнінде алған психологиялық соққы салдарының болуы. Әр жазасының  өтеушінің қылмыс жасаған уақыты, жыл маусымына дейін сараптама жасалған.

«Бұл баппен  отырған адамдарға  типтік тест  жасалып, арнайы сауалдар қойылады. Сонда аңғарғанымыз жеткіншектерге зорлық қылатындардың көбісі көпшілік ортаға  бейімделмеген немесе психологиялық, физиологиялық зақым алған адамдар. Не болмаса, өз ортасынан қолдау көрмей  жалғыздық жанына батқан жандар. Олар өз құрбандарын жас деңгейіне қарай таңдайды. Яғни, жеткіншектерді көздейді. Олардың сенімін жаулау жеңіл екенін біледі»,-дейді жеткіншектерге сексуалды қорлық жасаған жазасын өтеушілердің ортақ портретін жасаушылардың бірі инспектор-психолог Ақзере Садықова.

Темпераменттік типке бөлер болсақ  олардың  басым бөлігі  меланхолик, не флегматик болады екен. Мұндай адам жүйке жүйесі әлсіз типке жатады. Егер де меланхолик темпераментті адам дұрыс тәлім-тәрбие алмаса, ондай адам өзінен-өзі тұйықталып, жұрттан өзін оқшау ұстауы мүмкін. Педофилдардың  әрекеті  заң жүзінде қылмыс болып саналса, дәрігерлер үшін ол ауру.

Күдіктінің қылмысын айғақтап ашуда сот медициналық сараптамасы ұзақ әрі жан-жақты жасалады. Жыныстық, эндокринологиялық  талдау жасалады. Күдіктінің жеке бас ауру анамнезі жиналады. Экзофактор, эндофактор ықпалы, жыныстық қозу сатысы сарапталады.

«Бұл біріншіден балаларға көңілі ауатын, өзі бала күнінде қатты жәбір көрген  адамның  күйзелісі  болып табылады. Ол өзі жасар істің ауыр зардабы боларын, оның қате екенін біледі. Бірақ өзін жеңе алмайды. Статистикаға сүйенер болсақ, педофилдердің  30 пайызы отбасы мүшелерінен болады. Бұл ауру, бірінші кезекте мидың дисфункциясы. Бұны дерт деп қарау керек, ол адамның өзі де қиналады — дейді Қарағанды облыстық психикалық денсаулық орталығы басшысының орынбасары Ольга Трушкова.

Бұл санада сіңген кесел. Ал сол кеселмен күреске бүгінгі қоғам дәрменсіз болып отыр. Ең сорақысы  ата-аналар  да балаларына қатысты сорақылықтарды біле тұра көз жұмып жасырады.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 1870 адам бас бостандығынан айыру мекемелерінде кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық қол сұғушылық жасағаны үшін жазасын өтеп отыр. Олардың  1300-ге жуығы  қатаң режидегі мекемелерге  қамалған.

Азғындықтың осы бір ауыр  түріне баратындардан қоғамға  төнер қауіпті сейілту үшін Францияда химиялық жолмен  сүндеттеу әдісі 2005 жылдан бері қолданылып келеді. Ұлыбританияда  2008  жылдан бері педофилге  ерікті түрде  химиялық  кастрация жасалады. Ал Польшада 2009 жылдан бері фармокологиялық  кастрация қолданылады. Мысырда сотталғандарды жұрт алдында дарға асады. Ал біздің елде заңның жаңа нормаларына сәйкес, педофилия  орташа ауырлықтан  ауыр қылмыс санатына  жатқызылған.

 

Әсел Құсайынқызы