Педофилдерге – қатаң шара

Қазақстанда педофилдерге химиялық кастрация жүргізу тәртібі қатаңдатылды. Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 1 қазандағы бұйрығымен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану ережесіне өзгерістер енгізілді.

2025 жылдың 17 қазанынан бастап күшіне енген құжатқа сәйкес, кәмелетке толмағандарға жыныстық қол сұғушылық жасаған және бас бостандығынан айырылған адамдарға химиялық кастрация бостандыққа шығардан алты ай бұрын қолданылады.

Мекеме әкімшілігі жаза мерзімі аяқталуға 12 ай қалғанда сот-психиатриялық сараптама тағайындау үшін материалдарды сотқа жолдайды. Сараптама нәтижесінде адамның психикалық ауытқуы немесе сексуалдық зорлыққа бейімділігі анықталса, сот шешімімен мәжбүрлі кастрация жүргізіледі.

Бұл шара бас бостандығынан айыру орындарында, ал басқа жаза түрлеріне тартылғандарға медициналық ұйымдарда жүзеге асырылады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі негізінде дайындалды