Педагогтер форумы: жаңа дәуір тынысы

Қарағанды қаласында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы жас педагогтерге арналған «Жаңа толқын педагогі» атты өңірлік форум өтті. Ауқымды шараны Қарағанды облысының білім басқармасы мен білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

Форумның негізгі идеясы – жас педагогтерге кәсіби өсуге жол ашып, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына, жаңа көзқарастар мен идеялармен бөлісуіне жағдай жасау болды. Шара шеңберінде қатысушылар заманауи әдіс-тәсілдермен танысып, білім беру жүйесіне инновациялар енгізудің нақты қадамдарын талқылады.

– Бүгінде мектепке дейінгі білім беру саласында үш негізгі бағытқа ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – сапаны қамтамасыз ету, балаларды балабақшамен қамту және қауіпсіз орта құру. Осы бағыттар бойынша барлық мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы жоғары стандарттарға сай жүргізілуде. Қазіргі уақытта Үкімет бекіткен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың арнайы моделі бар. Осы модельді іске асыру мақсатында еліміздегі балабақшалар білім беру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар атқаруда. Кеше Қарағанды облысында мектепке дейінгі және бастауыш білім берудегі сабақтастықты қамтамасыз етуге арналған жоба аясында семинар өтті. Балабақша мен бастауыш мектеп мұғалімдері өзара тәжірибе алмасып, тиімді пікір алмасты. Бүгін осы бағыттағы жұмысты жалғастыра отырып, біз жас педагогтерге арналған үлкен форумда бас қосып отырмыз. Себебі барлық өзгеріс пен жаңғырулар ең алдымен ұстаздың креативтілігіне, еңбекке деген сүйіспеншілігіне байланысты. Жас мамандардың белсенділігі мен жаңашылдығы – болашақ білім беру жүйесінің негізі. Барша әріптестеріме табыс тілеймін, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың ерте дамуы институтының мониторинг департаментінің басшысы Гүлмира Түлебаева.

Форум аясында әртүрлі бағыттағы интерактивті көрмелер ұйымдастырылды. Атап айтқанда:

  • «Инклюзия – бақытқа апаратын жол» тақырыбындағы көрмеде инклюзивті білім берудің негіздері көрсетілді;
  • АСБ диагнозы бар балаларға арналған дидактикалық материалдар таныстырылды;
  • «Ойын мұрасы» жобасы арқылы ұлттық ойындарды насихаттау мен тәрбиелік мәні жоғары құралдар ұсынылды;
  • «Кітап әлемі 3D форматында» аймағында балалардың қызығушылығын арттыруға арналған жаңа технологиялар көрсетілді;
  • «SCANSNAP сканерімен сурет салу» бөлімінде цифрлық трансформация мен жасанды интеллект элементтері таныстырылды;
  • «Ғажайып ашылулар әлемінде» – тәжірибелер мен эксперименттер аймағы балалардың зерттеушілік қабілетін дамытуды көздеді;
  • «IT технологиялары» бөлімінде «Колибри» панелі арқылы балалардың цифрлық сауаттылығы арттырылды;
  • VR және AR технологияларымен жабдықталған аймақ – балаларды қазақ халқының мәдениетіне виртуалды саяхат арқылы қызықтыруға мүмкіндік берді.

Форум аясында өткен шеберлік сыныптар жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталды. Педагогтер өз тәжірибесімен бөлісіп, келесідей бағыттарда жұмыс жүргізді:

  • «Қызығушылық аумағы» (Pitch-сессия),
  • «Эмоция палитрасы» (тимбилдинг),
  • «Қарым-қатынас көпірлері»,
  • «Шығармашылық шеберхана»,
  • «ПрофиСтартKRG» (TEDx форматы).

Бұл сыныптар қатысушыларға педагогикалық шеберлігін көрсетуге, кәсіби қарым-қатынасты нығайтуға және жаңашыл тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік берді.

– Қарағандыда мектепке дейінгі білім беру саласындағы педагогтер қауымдастығының республикалық форумы өтті. Біздің басты мақсат – жас мамандарға қолдау көрсету, оларға бағыт-бағдар беру. Жас педагогтерге практикалық семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырамыз, тәлімгерлік жүйеміз жақсы жолға қойылған. Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтер тәжірибе алмасып, инновациялық әдістерді бөлісті. Бір жыл ішінде өткізілген семинарларға 800-ден астам жас маман қатысып, олардың 78%-ы мамандықтарын тастамай, еңбек етуді жалғастыруда. Бұл – жай жұмыс емес, адамдардың тағдырына әсер ететін маңызды іс, – деді Қарағанды облысы мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері ассоциациясының төрайымы Ләззат Сүлейменова.

Форумның екінші бөлімінде Қарағанды облысының білім басқармасы, білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институтының өкілдері қатысқан пленарлық отырыс өтті. Сонымен қатар, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен педагогикалық колледждердің мамандары да атсалысып, форум аясындағы интерактивті алаңдардың тиімділігін арттыруға өз үлестерін қосты.

Бұл форум – жас педагогтерді қолдауға бағытталған маңызды бастама ғана емес, сонымен қатар жаңа буын мұғалімдерінің білім беру жүйесіне тың серпін әкелетінін көрсеткен жарқын оқиға болды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»