Пәтер жалдау — қатер
«Қала орталығында екі бөлмелі пәтер жалға беріледі. Айына елу мың теңге. Студенттерді де жылы қабылдаймыз». Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта өтетіндігі белгілі болғалы, ғаламтор беттері осындай жалған хабарландырулардан көз ашпай тұр. Ауылдан, өзге өңірден кеншілер астанасына білім қуып келген жастардың талайы алаяқтарға алданып, қаражатынан қағылып үлгерген.
Таза, әдемі, жабдықталған пәтерлердің жалған суреті мен қолжетімді бағасына қызығып, ата-анасы берген ақшасын бейтаныс адамның есеп шотына аударғандардың бірі – Жасмин. Қызылордалық қаракөздің айтуынша, хабарландырудағы нөмір иесі өзін ақпараттық агенттіктің иесімін деп таныстырған. «Қаладағы ең арзан пәтер иелерінің нөмірін беремін. Ақпаратқа қол жеткізу үшін бірнеше мың теңге төлеу қажет» дегенге сеніп, өз қолымен ақша аударған. «Пәтер иесі» кешке пәтерін көрсетем деп уәде етеді. Ал, кешке тығыз шаруалары шығып, артынша абоненттік нөмір байланыс аясынан тыс жерге түскен.
Қарағанды қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Данияр Еламан интернет-алаяқтықтың белең алуы карантиндік жағдаймен байланысты екендігін алға тартады:
– Әлемдік пандемияның салдарынан барлығы онлайн режимге ауысты. Тиісінше, сауда да. Адамдардың көбі жұмысынан айырылды. Сондықтан, ақша табудың түрлі жолдарын қарастырды. Интернет-алаяқтық та соның салдарынан артуда. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында 390 мүліктік интернет-алаяқтық тіркелген. Ал, осы жылдың алғашқы жеті айында бұл жағдай екі есеге (659) артқан.
Қалалық полиция басқармасында пәтер саудасындағы алаяқтық бойынша жыл басынан бері 89 қылмыстық іс тіркелген. Тәртіп сақшысының айтуынша, бұл – банк қылмысымен салыстырғанда, көңіл көншітерлік сандар.
– Мысалы, сіз «Көлігімді сатамын» деп хабарландыру қалдырдыңыз делік. Мен, пайда көздеген алаяқ, сізге қоңырау шалып, хабарландырудың ш ы н а й ы л ы ғ ы н тексеру үшін құжаттарды с ұ р а й м ы н . Сіз «Сатып алады» деген оймен құжаттарыңызды жібересіз. Ал, мен, басқа сайтқа сіздің көлігіңіздің суретін жүктеп, қажет болса, құжатын көрсетіп, табыс таба аламын. Ол аккаунтты өшіру өте оңай, полияция қызметкерлеріне алаяқты табу – қиын, — деп түсіндірді Данияр Еламан.
«Пәтер иесі құжатын да жіберді» деп алданған жастар аз емес. Тергеушілер құжаттың иесін іздеп тапқанда, оның екі-үш жыл бұрын жеке куәлігін, не паспортын жоғалтып алғандығы белгілі болған. Сондықтан, Қарағанды қаласының полиция басқармасы тұрғындарды мейлінше сақ болуға шақырады:
– Риэлтор немесе пәтер иесінің сенімділігіне көз жеткізбей тұрып, өзіңіз туралы жеке деректерді оларға ешқашан бермеңіз. Ақшаны тек келісім-шартқа қол қойғаннан кейін беру керектігін есте сақтаңыз, ал пәтердің кілті бұл кезде сіздің қолыңызда болуы керек. Ешкімге, ешқашан өзіңіздің банктік деректеріңізді жібермеңіз. Өйткені, төлем жасау үшін сіздің емес, орындаушының мәліметтері ғана керек.
Пәтерлердің әдемі суреттерін Google-дің іздеу жүйесіне салып көрсеңіз, суреттің жылжымайтын мүлік туралы ресейлік сайттардан алынғанына көз жеткізесіз. Мұндайда баспана туралы толығырақ сипаттама жазылған немесе пәтер иесінің не риэлторлардың пәтердің қосымша суреттерін жолдайтын хабарламаларына ғана сену керек.
Хабарландырудың шынайылығына күмән келтірсеңіз, еш қымсынбастан «Шағым қалдыру» батырмасын баса салыңыз. Ондай хабарландырулар әдетте қызыл түске боялып тұрады. Өтірік хабарландырулары үшін пәтер иелері мен риэлторлар сенімсіз пайдаланушылардың тізіміне енгізіледі. Ал, сайт талаптарын өрескел бұзып, қайта-қайта осындай жағдайға жол бергендер қара тізімге енгізіледі. Бұл жарнама алаңын тазартуға жол ашады.
Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ, «QH»