Отанға қызмет ету – қасиетті іс

ҚарЛаг Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінде мазмұны терең, тарихи маңызы зор ерекше көрме ұйымдастырылды. Экспозицияда XVII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғыстары кезеңінен бастап қазіргі Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуына дейінгі маңызды тарихи белестер қамтылған. Көрменің басты ерекшелігі – диорамалардың барлығын әскери қызметкердің өз қолымен жасауы. Осы көрме аясында «Отанға қызмет ету – қасиетті іс» тақырыбында мұражай сабағы өткізіліп, оған колледж студенттері қатысты. Танымдық сабақтың авторы әрі негізгі ұйымдастырушысы – 44803 әскери бөлімінің С-300 зенит-зымыран дивизионы командирінің орынбасары, майор Рамазан Бахтияров. Ол жастарға ел тарихы мен әскери қызметтің маңызы туралы кеңінен әңгімелеп, отансүйгіштік рухты дәріптеді.

Кездесу мазмұны терең әрі әсерлі өтті. Көрмеге қойылған экспозиция көрерменді бейне бір өткен ғасырларға жетелеп, тарихи кезеңдерді көз алдыңда тірілткендей әсер қалдырады. Курск түбіндегі шайқас, Бородино даласындағы ұрыстар, Ауған соғысы мен Вьетнамдағы әскери қақтығыстарға арналған диорамалар жүздеген ұсақ мүсіннен тұрып, аса дәлдікпен жасалған. Әрбір фигура қолмен боялған, ал табиғи материалдардан қалыптастырылған жер бедері көріністің шынайылығын арттыра түседі. Экспозицияны толықтыратын тарихи фотосуреттер панораманың мазмұнын тереңдете түседі. Бұл бірегей туындылар – ұзақ уақытқа созылған табанды еңбектің нәтижесі. Рамазан Бахтияровтың айтуынша, ол миниатюра өнеріне Г.К.Жуков атындағы Әуе-ғарыштық қорғаныс академиясында білім алып жүрген кезінде қызыға бастаған. Бүгінде майор өз хоббиін сарбаздармен бірлескен шығармашылық жұмысқа айналдырып, оны тәрбиелік әрі танымдық құрал ретінде тиімді пайдаланып келеді. Бір диораманы жасауға орта есеппен екі айға дейін уақыт кетеді. Ал ең күрделі жұмыстардың бірі – «Бородино шайқасы» көрінісі. Бұл диорамада шамамен 300 жауынгер мен сонша ат бейнеленіп, ұсақ бөлшектердің көптігі жұмысты айрықша күрделендірген. Кездесу барысында бейбіт өмірдің қадірі, ұлттық тарихты тану және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызы кеңінен сөз болды.

– Бұл диорамалар – батыр бабаларымыздың ерлігіне көрсетілген құрмет. Өз тарихын танымаған адам нағыз отансүйгіш бола алмайды. Мұндай сабақтар жастар үшін аса қажет. Өткенді білу – білімді тереңдетіп, дүниетанымды кеңейтеді, – деп атап өтті Рамазан Бахтияров.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»