ORTAU – шығармашылық орталық

Қарағанды қаласындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында ORTAU креатив орталығының ашылуына орай баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында өңірдегі шығармашылық бастамаларды дамыту, жас таланттарға қолдау көрсету және отандық цифрлық өндірісті ілгерілету мәселелері кеңінен талқыланды.

Қарағанды қаласында ашылған ORTAU креатив орталығы – өңір жастары үшін үлкен мүмкіндік пен шығармашылық алаң. Бұл орталық – кино, анимация, цифрлық өндіріс және қолданбалы өнер бағыттарын бір кеңістікте тоғыстырған бірегей жоба. Мұнда шығармашылықпен айналысқысы келетін жастар өз жобаларын ұсына алады, шеберлік сабақтарына қатысып, кәсіби ортаға алғашқы қадамдарын жасайды.

Орталықтың ашылуы – креативті индустрияны дамытуда маңызды кезең. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл кеңістікте этнодизайн мен цифрлық өнердің синтезі жүзеге асады. Мұнда көрмелер, кинофестивальдер, форумдар ұйымдастырылып, жастардың креативті қабілетін дамытуға мүмкіндік беріледі.

Баспасөз мәслихатында сөз алған «Сарыжайлау» кинотеатры басшысының міндетін атқарушы Арман Әлімжанов Қарағандыда киномотография саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап өтті.

– «Бүгінгі таңда біз Қарағандыда «Старт Кино» қоғамдық бірлестігін ұйымдастырдық. Мен осы бірлестіктің төрағасымын. 2015 жылдан бері Арман фильм атты киностудияның режиссері әрі директоры болып келемін. Осы уақыт аралығында біз жастар арасында кинематографияны насихаттап, көптеген жас режиссерлер, сценаристер мен актерлердің жолын аштық. Қазір олар еліміздің түкпір-түкпірінде өз істерін жалғастырып жүр», – деді ол.

Оның айтуынша, жаңа креатив орталығы – осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

Орталықтың келесі маңызды бағыты – анимация өндірісі. Анимация саласында еңбек етіп жүрген режиссер Талас Оразбай алдағы жоспарларымен бөлісті.

– «Біз негізінен анимациялық фильм өндірісімен айналысатын студиямыз. Қарағандыға Арман Жақанұлының шақыруымен келіп, осында жаңа жобаларды қолға алудамыз. Биылдың өзінде қысқа метражды анимациялық фильм жасауды жоспарлап отырмыз. Басты мақсатымыз – осы туындыларды халықаралық фестивальдерде көрсетіп, әлемдік деңгейге шығару», – дейді Талас Оразбай.

Бұл бастама – қазақстандық анимацияның халықаралық нарыққа шығуына жол ашады.

Жаңа ашылған орталық – тек шығармашылық алаң емес, бұл болашақтың нағыз шеберханасы. Мұнда режиссерлер, сценаристер, аниматорлар мен этнодизайнерлер бірлесе отырып, тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Орталықтың негізгі мақсаты – авторлық кино мен жас шығармашылық иелерін қолдау, олардың ойларын іске асыруға жағдай жасау. Мұнда шеберлік сағаттарынан бастап, шығармашылық конкурстар мен көрмелерге дейін әртүрлі форматтағы іс-шаралар өтеді.

ORTAU – Қарағанды жастары үшін жаңа серпін, жаңа шабыт алаңы. Бұл орталықта туындайтын идеялар – ертеңгі мәдени жетістіктердің іргетасы. Креативті индустрияны дамыту арқылы өңірдің шығармашылық әлеуеті артып, Қазақстанның мәдени картасында Қарағандының орны одан әрі нығая түспек.

Ералы ҒАНИ,

«QH»