Орташа жылдамдықты асырғандарға айыппұл: жаңа жүйе жүргізушілерді тәртіпке шақырды
Өткен жылдың соңында республикалық маңызы бар тас жолдарда орташа жылдамдықты асырған жүргізушілерге айыппұл салу туралы заң күшіне енген болатын. Үкіметтегі брифинг барысында Ішкі істер министрлігінің өкілдері бұл жүйенің жүргізушілер тәртібіне әсері және алдағы жоспарлар жөнінде айтты.
2024 жылдың 4 желтоқсанынан бастап жүргізушілер «А» нүктесінен «В» нүктесіне бекітілген уақыттан ерте жеткен жағдайда айыппұл салына бастады. Жолдағы орташа жылдамдықты асырғаны үшін жауапкершілік күшейді. Айыппұл көлемі асқан жылдамдықтың шамасына қарай 3-тен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгереді. Қазіргі уақытта мұндай жүйе Астана–Щучинск, Астана–Павлодар, Шымкент–Қызылорда және тағы басқа бағыттардағы сегіз жол учаскесінде орнатылған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, жүйе оң нәтиже көрсетіп отыр.
«Бүгінде 8 жол учаскесінде осындай бақылау жүйесі енгізілді. Қазіргі таңда 100 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. Айта кетерлігі, дәл осы сегіз учаскеде жол апатының салдары жеңілдеп, қаза болғандар саны азайды. Әрине, алғашқы апталарда құқықбұзушылықты тіркеу көп болды, бірақ қазір олардың қарқыны бәсеңдеді. Демек, жүргізушілер орташа жылдамдықты өлшеу жүйесін біліп, жылдамдықты сақтай бастады. Біріншіден, бұл тәртіпке шақырады. Екіншіден, апат болған жағдайда салдарының ауырлығы азаяды», – деді ол.
Көлік министрлігімен бірлесіп, тағы мың шақырымнан астам жолды орташа жылдамдықты өлшейтін құрылғылармен жабдықтау жоспарланған. Осылайша он жол бөлігіне жаңа жүйе орнатылмақ. Дегенмен, әзірге қала мен елді мекендерде бұл жүйе қолданылмайды.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, орташа жылдамдық әзірге тек республикалық маңызы бар тас жолдарда ғана тіркеледі. Елді мекендерде мұндай жүйе енгізілмейді. Өйткені бір көшеден екінші көшеге әртүрлі бағытпен жетуге болады, тиісінше уақыт та әрқалай есептеледі. Сондықтан қазір тек республикалық маңызы бар тас жолдарда ғана жұмыс істеп жатырмыз», – деп түсіндірді Игорь Лепеха.
Жолдағы тәртіпті қадағалау үшін дрондар да пайдаланылады. Жобаның басталғанына көп болмаса да, ұшу аппараттары 3,6 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтап үлгерген. Оның ішінде мыңға жуық қарсы жолаққа шығу, үш жүзге жуық қауіпті манёвр жасау фактілері бар.
«Қазір техникамен жабдықтау жеткіліксіз, шартты түрде айтқанда облыста бір-екі дрон ғана жұмыс істеп тұр. Оларды ең көп апат болатын жол учаскелерінде қолданамыз. Әуеден бәрі анық көрінеді, сондықтан дрон барлық құқықбұзушылықты тіркей алады. Тіпті ол жұмыс істеп тұрған жерде-ақ жол ережесін бұзу азайып келеді. Сол себепті де бақылау жүргізілетін учаскелер санын көбейтеміз», – деді министр орынбасары.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті дрондарды отандық өндірісте шығару мүмкіндігін қарастырып жатыр. Егер бұл жоспар жүзеге асса, аппараттардың құны әлдеқайда төмендеп, қолжетімді болмақ.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

