Орталық Азия чемпионатына жолдама
Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мамандандырылған мектебінің екі командасы Алматыда өткен DARYN FIRST CHAMPIONSHIP республикалық робототехника фестивалінде үздік нәтиже көрсетті. Енді олар робототехника бойынша Орталық Азия чемпионатында облыстың намысын қорғайтын болады.
Фестивальге Алматы қаласы мен облысы, Қарағанды және Жетісу облыстарынан 1200-ден астам оқушы қатысты. Жарыс үш бағытта өтті: FIRST Tech Challenge (FTC), FIRST LEGO League Challenge (FLL Challenge) және FIRST LEGO League Explore (FLL Explore).
FTC санатында 10 және 11-сынып оқушылары өнер көрсетті. Олар күрделі конструкторлардан робот құрастырып, оны қойылған тапсырмаларды өздігінен орындауға бағдарламалады. FLL Challenge бойынша 7–8 сынып оқушылары LEGO конструкторларынан роботтар жасап, оларды бағдарламалады. Ал FLL Explore санатында ең жас қатысушылар LEGO-дан қарапайым роботтарды құрастырып, оларды бағдарламалауды үйренді.
«Мұрагер» мектебінің командалары FTC және FLL санаттарында бірінші орынды иеленді. Оқушыларды жарысқа информатика пәнінің мұғалімдері Бердібек Қазығұлов пен Жанәділ Шәкәрім дайындады.
– Бұл жарысқа дайындықты қазан айында бастадық. Балалар өздерін толықтай дайындап, үлкен қызығушылық танытты. Жеңіске жеткеніне барлығы қуанышты, әсіресе жас қатысушылар үшін бұл алғашқы маңызды тәжірибе болды. Олар өз мүмкіндіктерін сәтті көрсете білді, – дейді Бердібек Қазығұлов.
Республикалық кезеңдегі жеңіс қарағандылықтарға 2025 жылдың ақпан айында Алматыда өтетін Орталық Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік береді. Егер олар бұл сайыста жеңіске жетсе, АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлемдік турнирге жолдама алады.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»