Орманды қорғау Отанды қорғаумен тең
Жаңа жыл алдындағы күшейтілген режим. Қарағанды облысында орманды қорғау және күзету инженерлері, орманшылар, орман күзетшілері мен инспекторлар ерекше қырағы жұмысқа кірісті. 1 желтоқсаннан бастап, 31 желтоқсанға дейін олар қылқан жапырақты ағаштардың сақталуын тәулік бойы қадағалайтын болады.
Орман қорғау инженері Темірлан Елубаевтың айтуынша, бұл кезеңде жұмыстың барлық қыр-сыры айтылмайды, бірақ кейбір ерекшеліктерімен бөлісті. Мобильді топтар өз аудандарындағы орман белдеулеріне апаратын барлық соқпақтарды, жолдарды жақсы біледі. Олар ең алдымен көлік доңғалақтарының іздері мен аяқ киім іздеріне назар аударады. Егер із байқалса, сол бағыт бойынша тексеріс жүргізіледі. Қардың кеш түсуі қиындық туғызады, себебі, іздерді анықтау қиынға соғады. Өткен жылы шамамен желтоқсанның ортасында қардың болмауы салдарынан кейбір іздерді анықтау мүмкін болмаған. Қарағанды орман шаруашылығына тиесілі мемлекеттік орман қорының аумағы 35 212 гектарды құрайды, оның ішінде 18 мың гектардан астамы орманмен көмкерілген. Жаңа жыл қарсаңында кейбір адамдар шырша ағашын орманнан әкелуге талпынады.
— Жаңа жыл алдында қылқан жапырақты ағаштарды қорғау мақсатында барлық күштер тәулік бойы бақылау мен патрульдеуге бағытталған. Бұл кезеңде 18 мобильді топ пен 5 бақылау бекеті ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 381-бабының 1-тармағына сәйкес, жас қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кескені үшін жеке тұлғаларға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады, ал бір ағашқа келтірілген шығын 15 АЕК-ті құрайды,-деді Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің инженері Темірлан Елубаев.
Шыршаны заңсыз кесіп, оған 400 мың теңгеден астам ақша төлеу экономикалық тұрғыдан ақылға қонымсыз. Соған қарамастан, өткен жылы екі адам ағаш кесу кезінде ұсталды. Орман шаруашылығында 20 жылдан астам жүргізуші болып жұмыс істейтін Қанат Сүлейменовтің айтуынша, бұрын мұндай құқықбұзушылар көп болған, ал қазіргі уақытта халықтың санасы артып келеді.
— Бұрын орманды заңсыз кесетіндер арасында ішімдік ішкендер де болды. Кейбіреулері ата-аналарына немесе сүйіктісіне сыйлық жасамақ болған. Қазір көпшілік бұл әрекеттің дұрыс емес екенін түсінеді, бірақ әлі де түсінбейтіндер бар. Дегенмен қорғау шаралары күшейтілген сайын, халықтың санасы артып келеді, -дейді Қарағанды орман және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығының патрульдік көлігінің жүргізушісі Қанат Сүлейменова.
Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын мобильді топтар жас қылқан жапырақты ағаштардың сақталуын мұқият бақылап, рейдтерді күшейтпек. Сондай-ақ, тексерістер шырша базарларында да жүргізіледі. Орман қоры жыл сайын өрттен зардап шегеді, сондықтан әрбір ағаш ерекше бақылауда. Бұл шаралар табиғатты қорғауға және заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған маңызды қадам.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»