ОРК Төрағасы Маңғыстау және Қарағанды облыстарына инспекциялық сапармен барды
24-27 ақпан аралығында ҚР Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды дайындау және өткізу шеңберінде Маңғыстау, Қарағанды облыстарына инспекциялық сапармен барды.
Инспекциялық сапарға ОРК Хатшысы Шавхат Өтемісов және аппарат қызметкерлері қатысты.
ОРК Төрағасы Жаңаөзен қаласындағы №97, 98 және Ақтау қаласындағы №70,264,253,254, сондай-ақ Қарағанды қаласындағы №41,42 референдум учаскелерінде болды. Әрбір референдум учаскесінің белгіленген талапқа сай жабдықталуы дауыс беру процесін ұйымдастырудың негізгі шарты болып табылады. Осы ретте, Нұрлан Әбдіров дауыс берушілер үшін заңда көзделген жағдай жасау шараларын қатаң түрде ұстану қажеттігіне тоқталды.
ОРК Төрағасы әрбір дауыс берушінің, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың өз құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Дауыс берушілерді ақпараттандыру ерекше назар аударуды қажет етеді. Ағымдағы науқанның ерекшелігі: әрбір референдум учаскесінде Қазақстан Республикасы Конституциясы жобасының мәтінімен қатар қазақ және орыс тілдеріндегі аудио нұсқасы қолжетімді болмақ. Әрбір учаскелік комиссия өз міндеттерін кәсіби түрде атқарып, барлық азаматтардың дауыс беруі үшін тең жағдай жасауы тиіс.
Аталған өңірлерде Нұрлан Әбдіров жергілікті атқарушы, құқық қорғау және өзге де референдум өткізуге жауапты мемлекеттік органдар басшыларының, аумақтық референдум комиссиялары төрағаларының қатысуымен кеңес өткізді. Кеңес барысында республикалық референдум өткізудің негізгі ерекшеліктері, оған дайындық жұмыстары, науқанның барлық кезеңдерінде заңдылық, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кеңесте жергілікті атқарушы орган өкілдері референдумға қатысушылардың тізімін өзектендіру, дауыс беру учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру және электоралды инфрақұрылымның дайындығын пысықтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының басшылары электоралдық кезеңде заң талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған шаралар туралы хабарлады.
Мүгедектігі бар адамдар үшін референдум кезінде қолжетімді жағдай жасау мәселелері жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшыларының баяндамалары тыңдалды.
ОРК Төрағасы референдумды жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін атап өтті. Жиынды қорытындылаған ол «Мемлекеттiк органдар, ұйымдар, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғалары референдум комиссияларының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруында оларға жәрдемдесiп отыруға, жұмысы үшiн қажеттi мәлiметтер мен материалдарды табыс етуге, өзге де көмек көрсетуге мiндеттi», — деп түйіндеді.
Инспекциялық сапар аясында ОРК Төрағасы аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының төрағаларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында алдағы референдумды өткізу бойынша жан-жақты ұсынымдар берілді.
Қазіргі таңда азаматтарды коммуникацияның түрлі арналары арқылы кеңінен ақпараттандыру ұйымдастырылып, арнайы онлайн-сервистер іске қосылуда. Осы орайда ОРК Төрағасы учаскелік комиссияларға әрбір үйді аралау жолымен дауыс берушілерге QR-коды бар жеке шақыру билеттерін табыстау жұмыстарын сапалы түрде жүргізуді тапсырды.
Іссапар аясында аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының төрағаларына арналған оқыту-семинар өтті. Дәрістер барысында референдумның құқықтық базасы, дауыс беру күнін ұйымдастыру алгоритмдері, құжаттарды рәсімдеу тәртібі, сондай-ақ байқаушылармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл тетіктері туралы жан-жақты түсіндірілді. Тәжірибелік кейстер талқыланды, нақты жағдайлар бойынша әдістемелік ұсынымдар берілді.
Қатысушылар референдум заңнамасын білуге арналған тестілеуден өтті.
Ақпарат үшін
Референдумды өткізуге Маңғыстау облысында 269 референдум комиссиясы (оның ішінде 8 — аумақтық, 261 — учаскелік референдум комиссиясы) жұмылдырылды, олардың құрамында 1843 комиссия мүшесі жұмыс істейді. Бұл өңірде 444 198 дауыс беруші тіркелген.
Қарағанды облысы бойынша референдумды өткізу жұмыстарын 651 референдум комиссиясы жүзеге асырады (оның ішінде 14 — аумақтық, 637 — учаскелік референдум комиссиясы). Комиссия мүшелерінің саны — 4415 адамды құрайды. Аймақта 757 671 дауыс беруші тіркелді.
ОРК Төрағасы Маңғыстау және Қарағанды облыстарына инспекциялық сапармен барды







